Қазақстан шекаралық аймақтарда 2025 жылға дейін сауда-экономикалық ынтымақтастықтың 4 орталығын ашуды жоспарлап отыр. Олар Қытай, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен арада бой көтермек, деп хабарлайды kazbusiness.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа шаһарлар ресми мемлекеттік құжаттарда “Сауда-экономикалық ынтымақтастық орталықтары” (СЭЫО) деген атау алды.
Шекаралық қаланың біріншісі – қазақ-өзбек шекарасындағы “Орталық Азия” СЭЫО. Бұл қала-хаб 47 миллион тұтынушысы бар орталықазиялық нарықты игеруге ықпал етуге тиіс. Дегенмен басты нысаналы нарық ретінде 6 миллион адам тұратын Ташкент облысы таңдалды. Министр Серік Жұманғариннің командасы бұл халықаралық СЭЫО “өңірдегі жүк ағындарын шоғырландырудың, өңдеудің және дистрибуциялаудың, сондай-ақ дамып келе жатқан “Солтүстік–Оңтүстік” Орталық Азия экономикалық дәлізі аясындағы өндірістік кооперацияның аса ірі орталығына айналатынына” сенімді.
Екінші хаб – “Алатау” қазақ-қырғыз бірлескен индустриялық сауда-логистикалық кешені (ИСЛК) болады. Оның әлеуетті нарығы шағын: Қырғызстандағы 6,4 миллион тұрғын. Бірақ ол Орталық Азияға, ішінара Еуразиялық одаққа бағдарланады.
“ИСЛК агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сақтауға және қайта өңдеуге, кейіннен ЕАЭО халықаралық тауар өткізу желілері жүйесіне интеграцияланатын жеңіл өнеркәсіп секторындағы өнеркәсіптік кооперацияға маманданады. 2021 жылғы 20 тамызда Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасындағы “Алатау” индустриялық сауда-логистикалық кешенінің тұжырымдамасына қол қойылды”, – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Үшінші хаб – Батыс Қазақстан облысының аумағында дамытылатын “Еуразия” сауда-индустриялық орталығы. Оның әлеуетті нарығы Шығыс Еуропа елдері болады. Ал нысаналы нарығы Ресейдің 30 миллион адам тұрып жатқан шекаралас өңірлері болады.
“Бұл “Еуразия” хабы Еуразиялық одақтың аса ірі өңірлік нарықтарына – РФ Орталық федералдық округіне, РФ Еділ федералдық округіне, РФ Орал федералдық округіне, сондай-ақ Шығыс Еуропа елдеріне географиялық тұрғыдан барынша жақын орналасады. Оның тұжырымдамасы халықаралық автомагистральдар бойындағы ерекше экономикалық аймақ режимі бар кешенді индустриялық-логистикалық кешенді қалыптастыруды көздейді”, – делінген министрлік мәліметінде.
Төртінші хаб – қазіргі кезде бар және ол “Қорғас торабы” деп аталмақ. Жоба аясында Қазақстан Қытаймен бірге “Қорғас” шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын және “Қорғас–Шығыс қақпасы” арнайы экономикалық аймақты дамытудың жаңа бірлескен стратегиясы жүзеге асырылады. Сауда, өнеркәсіп секторын белсенді дамытуға ниетте.
Ең әрі дегенде қамтитын әлеуетті нарығы 1,5 миллиардтан астам адам тұратын ҚХР. Бірақ оған тісі батпаса, нысаналы нарығы – 25 миллион адам өмір сүріп жатқан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы болады.
Әрине, Қорғас орталығы бұрыннан бар: 3 жыл карантиннен кейін таяуда, 2023 жылғы 24 сәуірде қайта ашылды. Бірақ Үкімет оның алаңдарын табысты пайдалану және оларды отандық жобалармен молықтыру үшін қолда бар барлық инфрақұрылымдық объектілерді кешенді қолдануды ұсынып отыр. Бұл міндетті орындау үшін “Қорғас торабын” дамытудың бірыңғай стратегиясы талап етіледі.
Министрліктің дерегінше, “Қорғас торабы” – “Нұр Жолы” шекаралық бақылау-өткізу пунктін, “Алтынкөл” теміржол станциясын, “Қорғас-Шығыс қақпасы” АЭА-сын, “Қорғас” СЭЫО АЭА-сын және Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан “Құрғақ порт” теміржол кешенін қамтиды.