Қазақстанда 415 жанармай құю бекетінде дизель отыны жоқ. Бұл туралы бүгін үкіметте өткен жиында айтылды. Энергетика министрлігі тапшылықты тез арада жою үшін әкімдіктерден өтінім жинап жатыр, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Жанармай құю бекеттерінің иелері бағаның өзгергенін күтіп, мұнай базаларындағы дизель отынын жасырып отырған көрінеді. Осыған байланысты соңғы күндері кейбір өңірлерде тапшылық туындаған. Тіпті, кейбір станциялар жанармай сатуды әдейі шектеген.
Вице-премьер Роман Скляр алып-сатарлыққа және мұнай базаларында отынды «ұстап тұруға» жол бермеуді тапсырды.
«Жанар-жағармай бола тұрып, оны сатпай отырған нысандар анықталса, оларды заң бойынша жауапқа тарту керек. «ҚазМұнайГаз» және ҚТЖ зауыттардан жоспарланған жанар-жағармай көлемін, әсіресе дизель отынын уақытылы және толығымен жөнелтуді және жеткізуді қамтамасыз етуі қажет», – деді Скляр.