2022 жылы қазақстандық дүкендерде 139,9 млн литрден астам арақ, коньяк және алкогольді сусындар сатылды. Бұл елдегі спирттік ішімдіктер нарығын статистикалық бақылау тарихындағы абсолютті рекорд. 2021 жылмен салыстырғанда ішкі нарықта сату көлемі 90,4%-ға өскен.
Нарықта басты сұраныс артқан арақ пен ликер-арақ өнімдері болды. Олардың сатылымы екі еседен астам өскен: 44,2 миллионнан 90,1 миллион литрге дейін. Жалпы алкогольді сату көлемі де біршама өскен: 29,3 миллион литр (68,1% өсім). Сонымен қатар коньяк ішімдігі де көбірек сатыла бастаған: 20,5 миллион литр немесе 73,5% өсіммен болған.
Жоғары градусты ішімдіктермен салыстырғанда алкогольдің басқа түрлерінде сатылым деңгейі өспеген. Қайта өткен жылы шараптардың сатылымы 26,9%-ға, шампанның сатылым 28%-ға, сыра сатылымы 1,9%-ға азайған. Осы орайда, 756,1 миллион литр көрсеткішпен сыра сатылымда көшбасшылық деңгейін сақтап тұрғанын айта кеткен жөн.
Қазақстанда алкогольге деген сұраныстың артуы алкоголь тұтынушыларының шетелден келуімен түсіндіріледі. Яғни, аталмыш көрсеткішке 2022 жылы Қазақстанда көшіп келген ресейліктер әсер етуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, ресейліктер қазақстандықтарға қарағанда екі есе алкологоль тұтынады. ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ЖСН ресімдеу бойынша Қазақстанның мемлекеттік органдарына жүгінген Ресей азаматтарының саны 2022 жылы 733,7 мың адамнан асты.
Айта кеткен жөн, алкогольдік сусындардың ішкі нарықтың қажеттілігін отандық өндірушілер мен импорттың арқасында өтеледі. Оның ішінде еліміздегі шампан өнімдерінің 96,4% Қазақстанда шығарылып, тек 3,6% импортталады. Отандық сыра өндірушілер де ішкі нарықтың 92,4%-ын қамтиды, импорт 7,6%-ды құрайды. Ликер-арақ кәсіпорындарында да жоғары көрсеткіштер бар. Олар елімізде сатылатын барлық ликер мен арақтың 84,8% -ы өндіреді, ал 15,2%-ы импорттық өнімдер.
Ішімдікке сұраныстың артуы және инфляцияның әсерінен алкоголь бағасы да күрт көтерілді. Орташа алғанда, 2022 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында алкогольдік сусындар 14,8%-ға қымбаттады. Олардың ішінде ең қымбаттаған тауар сыра болды – 18,9%. Айтылған көрсеткіш бойынша екінші орында арақ тұр – 13,8%-ға бағасы өскен. Олармен салыстырғанда шарап бағасы орта деңгейде өскен – 11,6%.