Ол Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркінде 16 жоба тіркелгенін айтты. Олардың екеуі жұмыс істеп тұр, екеуі құрылыс сатысында, 12 – сі жобалануда.
Оның ішінде биыл қуаттылығы жылына 500 мың тонна болатын полипропилен зауытын және Қашағандағы қуаттылығы 1 млрд текше метр шикі газ өндіретін зауытты іске қосу жоспарлануда.
Бұдан басқа, қуаттылығы жылына 1,2 млн тонна полиэтилен және қуаты жылына 186 мың тонна бутадиен, сондай-ақ қуаты 1,6 млн тонна Этан және 360 мың тонна пропан газ бөлу қондырғысы өндірісі бойынша жобалар пысықтаудың түрлі сатыларында тұр.
“Аталған жобаларды іске асыру аясында $10,7 млрд жуық инвестиция тартылып, 2025 жылға дейін 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылады”, – деп сендірді Ақшолақов.
Ол мұнай химиясындағы әрбір $1 экономикада $2-3 өсім береді, ал әрбір жаңа жұмыс орны аралас салаларда жеті жұмыс орнын құруға ықпал етеді деп қосты.
Сондай-ақ Ақшолақов геологиялық барлау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Атырау облысында 118 кен орны бар. Көмірсутектер бойынша 78 келісімшарт жасалды. Өндірілетін мұнай қоры шамамен 3,3 млрд тоннаны, ал газ қоры 200 млрд текше метрді құрайды.
Министрдің айтуынша, ағымдағы жылы Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының төрт жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион өткізілді. Қорытынды қол қою бонусы 2,4 млрд теңгені құрады.
“Жақын арада аталған кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, олардың инвестиция көлемі 5,3 млрд теңгені құрайды”, – деп сендірді Ақшолақов.