Жинақ ақшасы бар адамдар көбінесе оларды инфляциядан қорғау немесе инвестициялау арқылы көбейту мүмкіндігі туралы мәселелерге тап болады. Біреу банктік депозиттерді таңдайды, біреу шетел валютасын сатып алады, біреу жылжымайтын мүлікке немесе алтынға ақша салады. Неғұрлым ірі инвесторлар өз капиталын бағалы қағаздар нарығына бағыттайды.
Көптеген адам Facebook және Tesla, Amazon және Netflix-тің жетістіктері туралы айтылатын жаңалықтардан хабардар, осының арқасында олардың шетелдік биржалардағы бағалы қағаздарының құны артады, ұстаушыларға айтарлықтай табыс әкеледі. Бірақ қалай сол арман айналған бағалы қағаздардың иегеріне айналуға болады?
Қор биржасында сауда-саттықты бастау үшін арнайы делдалдардың – қор биржасындағы сауда-саттыққа қол жеткізе алатын брокерлердің қызметтеріне жүгіну қажет.
Бұл лицензияланатын қызмет түрі, сондықтан алаяқтардың құрбанына айналмау үшін, бірінші кезекте, онда уәкілетті органның лицензиясының бар екендігіне көз жеткізу қажет. Лицензияланған брокерлердің тізімі ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми Интернет-ресурсындағы «Бағалы қағаздар нарығы» бөлімінде орналастырылған.
Брокермен шарт жасаспас бұрын, ұсынылатын қызметтер үшін брокердің тарифтерін (комиссияларын), бағалы қағаздармен операциялар жасау кезінде брокермен өзара іс-қимыл жасау тәсілдерін, жасалған операциялар туралы есептер алуды қоса алғанда, шарттың талаптарын мұқият зерделеу, сондай-ақ брокердің ішкі қағидаларымен танысу қажет.
Шарт жасалғаннан кейін брокер клиентке бағалы қағаздарды есепке алу үшін шот ашады, сондай-ақ ақша салу үшін брокердегі клиент шотының банктік деректемелерін ұсынады. Қор биржасында сауда-саттықты бастау үшін инвестор осы банктік шотты қолма-қол жасалмайтын ақша аударымы арқылы толықтыру қажет.
Сонымен, Сіздің бағалы қағаздар нарығында сауда-саттық жасауға ниетіңіз де, сатып алуды жүзеге асыруға жеткілікті қаражат та, жеке есеп шотыңыз да, қажетті біліміңіз де бар, енді тек өзіңіз үшін инвестициялау стратегиясын айқындау қажет, яғни портфеліңізге қандай бағалы қағаздарды – мемлекет бағалы қағаздар, корпоративтік облигациялар, акциялар немесе инвестициялық қорлардың пайларын сатып алуды анықтау ғана қалды.
Акциялар, мысалы, құнын өсіру және дивидендтер төлеу есебінен жоғары әлеуетті кірістілікті қамтамасыз ете алады, бірақ сонымен бірге бағаның өзгеруі сияқты нарықтық көрсеткіштермен байланысты жоғары тәуекелдерге әкелуі де мүмкін.
Сіз облигацияларды сатып алғанда, іс жүзінде оны шығарған ұйым – эмитенттің борыштық міндеттемесін аласыз. Эмитент сізге негізгі борыш сомасын – облигацияның номиналдық құнын қайтаруға, сондай-ақ купондық сыйақы төлеуге міндеттенеді, бұл, әдеттегідей, облигацияның номиналдық құнынан пайызбен көрсетілген белгіленген шама болып табылды.
Жеке тұлғалар үшін сақталуына мемлекет кепілдік беретін (ҚДКҚ арқылы) банк депозитінен айырмашылығы облигациялар бойынша төлемдердің бірегей кепілдік беру жүйесі жоқ. Көбінесе, эмитенттің төлем қабілеттілігі не шығарылған облигациялар бойынша қамтамасыз етудің (кепілдің) немесе үшінші тұлғалардың кепілдіктерінің болуы эмитенттің негізгі борыш сомасын өтеу және облигациялар бойынша купондық сыйақы төлеу мүмкіндігін бағалау кезінде шешуші маңыз атқарады. Әдетте, ірі эмитенттер халықаралық рейтингтік агенттіктердің кредит қабілеттілігі бойынша рейтингтік бағаға ие болады. Инвесторлардың көбі облигацияларға ақшаны инвестициялау туралы шешім қабылдағанда осы рейтингтерге бейімделеді.
Мемлекеттік бағалы қағаздар – бұл да уәкілетті мемлекеттік органдар шығарған облигациялар. Қазақстанда бұл Қаржы министрлігі, Ұлттық Банк және жергілікті атқарушы органдар. Мемлекет өз міндеттемелерін орындауды мемлекеттік/жергілікті бюджет (Ұлттық Банктің сметалары) есебінен жүзеге асырады. Сондықтан инвесторлар оларды тәуекелі анағұрлым төмен активтер санатына жатқызады.
Облигациялардың жалпы сипаты акцияларға қарағанда кірісін болжауға болатындығы, себебі купондық сыйақыны эмитент облигацияны сатып алғанға дейін шығарылым проспектісінде ашып көрсетеді. Мұны банктік депозиттегідей жүргізуге болады.
Бұл өз кезегінде, қор нарығының күрделі құралдары – туынды қаржы құралдарымен, баға белгілеудің неғұрлым күрделі құрылымына ие биржа қорларының пайларымен мәмілелер жасау үшін инвесторға үлкен тәжірибе және осы құралдардың ерекшеліктерін білу талап етіледі.
Сондай-ақ жаңадан бастаған инвестор инвестициялауды жоспарлаған кезеңді және инвестор көтеруге дайын болатын шығынның барынша көлемін айқындап алуы қажет.
Егер бастапқы кезеңінде сізге стратегияны таңдау қиын болса не инвестициялық процеске белсенді қатысқыңыз келмесе, активтерді басқаруды тиісті лицензиясы бар басқарушы компанияға сенім білдіруіңізге болады не инвестициялық пай қорларының басқарушы компанияның басқаруында тұрған пайларын сатып алуыңызға болады. Басқарушы компания сізге дәл келетін, сіз үшін жол берілетін тәуекел деңгейімен инвестициялық стратегияны ұсынады не өзінің басқаруында тұрған инвестициялық қорлардың пайларын сатып алуға ұсыныс жасайды.
Қорытындылай келе, бірде бір адал брокер немесе басқарушы компания сіздің инвестициялар бойынша кірістілікке кепілдік бере алмайтынын есте ұстау маңызды, егер олар бұлай істесе – бұл сақ болуға нақты белгі. Бағалы қағаздар нарығында кірістілікке кепілдік беру заңмен тыйым салынған. Барлық қаражатыңызды түгелімен бағалы қағаздарға салмағаныңыз, әсіресе бағалы қағаздармен сауданы қарыз қаражатына бастамағаныңыз дұрыс.