ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл барысы туралы баяндады, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Қаржы министрлігіне көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың 26 тармағын орындау бекітілген. Соңғы екі жылда оның 15-і толық көлемде орындалған.
«Жалпы жүзеге асырылып жатқан шаралар соңғы 3 жылда ішкі жалпы өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесін 27%-дан 19,75%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп, бюджетке 2 трлн теңге қосымша кіріс түсті», – деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.
Орталықтандырылған бақылауды және шекарадан өтуді автоматтандырылған бақылауды қамтамасыз ету, адами факторды жою және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында елімізде Бас Диспетчерлік басқарма да құрылған.
«Нәтижесінде, 2022 жылдың қорытындысы бойынша кедендік төлем мен салық көлемі 3,4 трлн теңгеге жетті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 50%-ға артық», — деді Ерұлан Жамаубаев.
Пилоттық жоба жүзеге асырылған 2 жыл ішінде сомасы 4,1 трлн теңге болатын жалған мәмілелер жасасқан 9 мыңға жуық қатысушының қызметі анықталды және шектелді. 1 трлн теңге сомасына өзара есеп айырысатын 4 мыңнан астам субъектіні тіркеу сот органдары арқылы жарамсыз деп танылып, 402 млрд теңгеге 3 890 мәмілені соттармен жарамсыз деп танылды.