Қазақстанда сақтандыру сыйлықақыларының 60%- дан астамы ерікті мүліктік сақтандырудың, атап айтқанда, мүлікті сақтандырудың үлесіне келеді. Бұл, өз ғимараттарын, түрлі үй-жайларын, техникалық жабдықтарды, тіпті интерьер заттарын, жиһаздарын ерікті түрде сақтандыратын азаматтар мен кәсіпкерлер санының күннен күнге артып отырғанын білдіреді. Экономиканың тұрақсыздығы жағдайында бұл өте саналы шешім. Сонымен қатар, сақтандыру мәдениетін дамыта және арттыра отырып, өз өміріңізге, денсаулығыңызға қамқорлық жасау да маңызды.
Сақтандыру деген не?
Бүгінгі таңда сақтандыру – бұл, бірінші кезекте, өзіңе, өз отбасыңа және мүлкіңе деген қарым-қатынас мәдениеті. Бір сөзбен айтқанда, бізге не қымбат және құндының барлығына.
Сақтандыру сізді және сіздің мүлкіңізді кез-келген тосын жағдайлардан, мәселен, өрт немесе су тасқынынан, автокөлік құралын ұрлап әкету немесе кенеттен сырқаттану және уақытша еңбекке жарамсыздықтың нәтижесінде болатын жағдайлардан қорғауға көмектеседі. Әрине, сақтандырудың болуы толық қауіпсіздікті білдірмейді, дегенмен де ол шығындарды өтеуге мүмкіндік береді және олардың салдарын барынша аз болуына сенімділік береді. Сақтандыру сөзі ағылшын тіліндегі «insurance», яғни «сенімділік» деген мағынаны білдіруі бекер емес.
Біздің ешқайсымыз кездейсоқ оқиғалардан сақтандырылған жоқпыз және сақтандыру жағдайы басталған кезде ешкім бізге залалды өтемейді. Барлық шығындарды өз қалтаңыздан төлеуге тура келеді. Алайда, тиісті сақтандыру болған жағдайда сіз өзіңіздің әмияніңіз бен отбасылық бюджетіңізге ауыртпалық түсірмей, сақтандыру төлемін ала аласыз.
Сақтандыру төлем і– бұл сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру жағдайы басталған кезде немесе жинақтаушы сақтандыру шартында белгіленген мерзім басталған кезде сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы.
Сақтандыру қағидатын түсіну үшін ауа-райы болжамына ұқсастықты келтіреміз. Егер синоптиктер жауын-шашынсыз көшпелі бұлт шығады деп уәде берсе, жауын-шашын ықтималдығы әлі де бар. Сондықтан қолшатыр артық болмайды. Егер сіз маңызды кездесуге баратын болсаңыз, онда сіз табиғаттың тосынсыйы сіздің жоспарларыңызды бұзғанын қаламайсыз. Сақтандыру дәл осы қағида бойынша жұмыс істейді, яғни егер сіз сақтандыру полисін пайдаланбасаңыз, өзіңіздің жолыңыз болды деп есептеңіз. Алайда, бір мезетке елестетіп көріңізші, кенеттен нөсер жаңбыр басталды, ал сізде қолыңызда алдын-ала қамданғаныңыздың арқасында қолшатыр бар. Нәтижесінде сіз кездесу орнына жақсы жетесіз. Сақтандыру – бұл сізді және сіздің мүлкіңізді түрлі тәуекелдерден қорғайтын «қолшатыр».
Сақтандырудың қандай түрлері бар?
Сақтандыру екі түрге бөлінеді: заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын міндетті және ерікті, яғни сақтандыру шарты тараптарының еркі бойынша жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда сақтандыру компаниялары сақтандырудың 9 міндетті және 24 ерікті сыныбы бойынша қызмет көрсетеді.
Сақтандыру түрлерімен, оның ішінде міндетті сақтандыру түрлерімен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің www.gov.kz интернет-ресурсында «Статистика» → «Сақтандыру секторы» бөлімінде танысуға болады.
Ерікті сақтандыру сақтандыру нысаны бойынша жеке және мүліктік болып бөлінеді.
Ерікті сақтандырудың негізгі түрлері: мүлікті сақтандыру, өмірді жинақтаушы сақтандыру, сырқаттану жағдайында сақтандыру, жазатайым оқиғадан сақтандыру, КАСКО, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру.
Өмірден мысалдар: сіз жаңа көлік сатып алдыңыз, бірақ бірнеше күннен кейін сызаттар байқадыңыз. Автосалонда сіз КАСКО сақтандыру полисін рәсімдегеніңіз қандай жақсы болған, ол сіздің машинаңыздың зақымдануына байланысты шығындарды өтеуге көмектеседі. Егер сіз тек көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандырумен шектелсеңіз, онда бәрін өз күшіңізбен қалпына келтіруге тура келер еді. Немесе сіздің спортшы көршіңіз өзін жазатайым оқиғалардан сақтандыруға шешім қабылдап, ерікті сақтандыру полисін сатып алған болды. Бұл да өте дұрыс шешім болған – бір күні, ол сәтсіз тайып құлап, аяғын сындырып алды, ал сақтандыру компаниясы оған шартта келісілген сақтандыру сомасын төледі.
Сондай-ақ, сол бір немесе басқа сақтандырудың қажеттілігін анықтау бойынша мынадай нақты ұсыныстар бар: тәуекелдерді анықтау, сақтандыру компаниясын дұрыс таңдау. Тәуекелдердің әртүрлі жіктелімі болатыны туралы айта кету керек. Олар әдетте:
– қауіп түрлері бойынша, адамның іс-қимылымен байланысты техногендік тәуекелдерге: өндірістік апаттар, қоршаған ортаның ластануы және т.б.;
– табиғи апаттар түріндегі табиғи тәуекелдерге: жер сілкінісі, дауыл, найзағай және т.б.;
– қызмет саласы бойынша: қаржылық, коммерциялық, саяси, кәсіптік, көлік тәуекелдеріне;
– объектілер бойынша: азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру тәуекелдеріне, мүліктік тәуекелдерге жіктеледі.
Сақтандыру қызметтерін қашықтан алуға болады ма?
Сақтандыру мәдениеті біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналуда және Еуропаның орташа статистикалық әрбір тұрғынында, әдетте, жалақысының айтарлықтай бөлігін жұмсайтын 2-3 сақтандыру полисі болса, орташа статистикалық қазақстандық осы бағытқа енді бет алып келе жатыр.
Сақтандыру Қазақстанның қаржы нарығының ірі сегменті ретінде күннен күнге дамуда. Басты назар цифрландыруға аударылып, соның нәтижесінде цифрлық технологиялар сақтандыру қызметтеріне бейімделуде. Нәтижесінде міндетті және ерікті сақтандырудың барлығы дерлік түрлері бойынша сақтандырушымен қашықтан шарт жасасуға болады.
Бүгінгі таңда автокөлік пен жылжымайтын мүлікті сақтандыру полистері сияқты барынша стандартталған өнімдер онлайн-форматқа ауыстырылуда. Мысалы, 2019 жылдан бастап автокөлік иелері автокөлікті міндетті сақтандыру шартын онлайн режимінде жасау мүмкіндігіне ие болды, қазіргі уақытта КҚИ АҚЖ бойынша шарттардың 100%-ы электронды нысанда жасалуда. Автокөлік иелері үшін жағымды бонус – қағаз құжаттарды өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Электрондық полистің мәні Бірыңғай сақтандыру дерекқоры (БСД) арқылы шарт жасасуда және ол оған бірегей нөмір беруді көздейді. БСД деректері сақтандыру сыйлықақыларын төлеу тарифтерін автоматты түрде есептеуге мүмкіндік береді.
Цифрландырудың келесі кезеңі – сақтандыру жағдайын онлайн-реттеуді енгізу, оның мәселесі заң шығарушылық бастамалар шеңберінде қаржы реттеушісімен пысықталуда. Реттеуші сақтандыру төлемдерін қабылдау процесін электрондық форматқа көшіруді жоспарлап отыр. Сақтандыру оқиғасы орын алған жағдайда, іске асыру нәтижелері бойынша клиент төлем алу үшін кеңсеге бармай-ақ, сақтандыру компаниясының сайтында өтініш бере алады. Құжаттар топтамасын қалыптастырудан бастап, сақтандырушының шешімін төлеуге немесе шағымдануға дейін сақтандыру жағдайын реттеу процесінің барлық кезеңдері БДСБ-да тіркелетін болады.
Атап айтарлығы, 2022 жылдан бастап БДСБ базасы ерікті сақтандыру сыныптары жөніндегі деректермен толықтырылып келеді, бұл келешекте барлық сақтандыру полистері бойынша толық және нақты статистиканы алуға мүмкіндік береді, сақтандырушылардың клиенттермен өзара іс-қимылының барлық процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
БДСБ – бұл бірыңғай сақтандыру базасы, оның жұмыс істеуін Мемлекеттік кредиттік бюро қамтамасыз етеді. Ол бүкіл сақтандыру секторы бойынша деректерді жинауға арналған ақпараттық-технологиялық платформа болып табылады; міндетті сақтандыру шарттарын жасасуды ұйымдастыруды, мемлекеттік дерекқормен өзара іс-қимылды, талдау мен есептеулер жүргізу үшін қажетті статистиканы жинақтауды, және басқа да қызметтерді қамтамасыз етеді.
(*Авторские права)
Источник: https://fingramota.kz/kk/post/z-miriizdi-densaulyyyzdy-zhne-mlkiizdi-alaj-orau-bolady