Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ұсталды, деп хабарлайды kazbusiness.kz порталы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жылғы 20 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураны сыбайлас жемқорлыққа күдік бойынша үйлестіру кезінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховты ұстады.
“Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүзеге асырылуда және барлық қажетті тергеу-жедел іс-шаралар жүргізілуде. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілмейді”,-деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Мақсұт Исахов 2020 жылдың ақпан айында Шымкент әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Қалалық әкімдікте ол көлік және автомобиль жолдары, еңбек инспекциясы, туризм, дене шынықтыру және спорт, ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік қызметтер мәселелеріне, сондай-ақ цифрландыру саласына, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауға жетекшілік етті.
Мақсұт Исахов 49 жаста, Түркістан облысы Шардара ауданының тумасы. Өз мансабын ішкі істер органдарында бастады. Әр жылдары “Қазақстан темір жолы” компаниясында жұмыс істеді, ШҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары, ШҚО жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары, Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу комитеті төрағасының орынбасары, Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы болды.
Сондай-ақ, Исахов Алматы қаласы энергетика және ТКШ басқармасының басшысы болды. Шымкент әкімі орынбасарының лауазымына тағайындалғанға дейін Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болып жұмыс істеді.