Шымкентте «Ордабасы» мен польшалық «Легия» командаларының жанкүйерлері арасында төбелес болды, деп хабарлайды kazbusiness.kz Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Жанкүйерлер арасындағы төбелес бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Поляктың Twitter-дегі Hooligans.cz Official аккаунтының хабарлауынша, жанжал 27 шілдеде Конференция лигасының іріктеу ойыны қарсаңында болған. Бейнежазбада екі команда жанкүйерлерінің төбелесіп жатқан сәті көрсетілген. Артқы жағында полиция сиреналары естіледі.
Жергілікті полиция жанкүйерлер арасындағы төбелеске қатысты пікір білдірді.
«27 шілдеде Шымкенттегі Қажымұхан атындағы стадионда «Ордабасы» (Шымкент, Қазақстан) және «Легия» (Польша) командалары арасында футболдан жарыс өтті. Ойын басталар алдында сағат 20.30 шамасында командалардың жанкүйерлері арасында ауызша ерегіс болды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткен полицейлер дер кезінде әрекет етті. Нәтижесінде жанжал болған жоқ. Бұзақылық әрекеттерге жол берілмеді», – деп хабарлады Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, ойын 2:2 есебімен аяқталды. Қос команда қарымта ойынды 4 тамызда Варшавада өткізеді.