ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Беларусь президенті Александр Лукашенконың Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон соққаны туралы жаңалыққа пікір білдірді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
«Беларусь президенті – Тұңғыш президенттің ежелден серіктесі. Бұл ретте өздеріңізге белгілі, сыртқы саясатты, оның ішінде шет мемлекеттермен қарым-қатынасты анықтау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құзыреті болып табылады. Сондықтан Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасы тек қазіргі президенттер арасында талқылануы мүмкін», – деді Смадияров.
Еске салайық, 25 маусым күні Беларусь президентінің баспасөз қызметі Александр Лукашенко мен Нұрсұлтан Назарбаев телефон арқылы халықаралық жағдайды, аймақтағы жағдайды және Беларусь-Қазақстан қарым-қатынастарын талқылағаны туралы ақпарат таратқан.