ҚазАқпарат – Таразда «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» аясында қалалық жұмыспен қамту орталығына грант алуға өтініш бергендер қатары көп. Бір орынға 17 адамнан таласып отыр, деп хабарлайды kazbusiness.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Тараз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Динара Баянованың айтуынша, жобаның бірінші кезеңі бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыруға ниетті қала тұрғындарының саны 728-ге жеткен. Бірақ, 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 миллион 380 мың теңгенің қайтарымсыз грантына берілген лимит саны – 45.
«Өтінімдердің 278-інің бизнес жобасы мал шаруашылығы, 170-і кондитерлік өнімдер, 80-і тігін ісін, 60-ы сұлулық салонын, 45-і компьютерлік қызмет көрсету орталықтарын ашуға құрылса, 57-сі емшара кабинеттерін ашу, 40-ы өзге қызмет түрлерін таңдаған. 9-20 наурыз аралығында өткен іріктеу кезеңінде 728 үміткердің 638-і келіп өздерінің бизнес жобаларын қорғады. 90-ы белгісіз себептермен комиссия отырысына келмеді», – дейді бөлім басшысы.