Биылдан бастап оқушыларға мектеп формасын беру тәртібіне өзгеріс енгізілді. Бұдан былай бірнеше санатқа кіретін балаларға мектеп формасы мен оқуға қажетті заттар берілмейді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Мектеп формасы мен оқуға қажетті заттардың ақшасы тікелей ата-анасының есепшотына аударылады. Оған қоса, материалдық көмектің көлемі ұлғайтылды. Биылғы оқу жылында 475 мың балаға ақша аударылады.
Айта кетейік, бұған дейін балаларға таратылатын мектеп формасын әкімдіктер сатып алып, білім беру мекемелеріне үлестіріп отырған. Бірақ жыл сайын ата-аналар тарапынан киімнің өлшеміне және сапасына қатысты арыз-шағымдар көп түсті.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Дулат Жекебаевтің айтуынша, материалдық көмек 37 мыңнан жоғары болуы мүмкін. Бірақ одан төмен түспеуі шарт.
“Кей аймақтар бұл сомадан артық бөліп жатыр, мысалы, Алматы 43 мың теңгеден беріп жатыр”, – дейді Жекебаев.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, материалдық көмек 475 мыңнан астам балаға беріледі. 20 тамызға дейін мектеп формасына қажетті ақшаның барлығы аударылады.
Ақша отбасындағы барлық балаға беріле ме?
“Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар “Жалпыға міндетті білім беру” қоры арқылы әрбір балаға көмек алуы керек”, – дейді министрлік мамандары.
Материалдық көмек кімге аударылады?
Олар:
- атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;
- атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар;
- отбасыларда тұратын жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар;
- басқа санаттар (қиын жағдайға тап болған отбасылар, оның ішінде мүгедек балалары бар);
Құжаттар қайда тапсыруға болады?
Талапқа сәйкес, қаражатты мақсатты пайдаланылу құжатпен растаталады. Ол үшін мектеп формасы сатып алынған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде түбіртек пен фотоны білім беру ұйымына тапсыру керек.