Желіде Түркістан облысында ер адам мен жедел жәрдем қызметкері арасындағы төбелестің видеосы пайда болды деп хабарлайды Kazbusiness.kz.
Леңгір қаласында Volkswagen Passat автокөлігінің басқарушысы медициналық жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұрған.
Оқиға орнында болған полицейлер, ер адамның шақырту бойынша кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігіне жол бермегенін анықтады. Нәтижесінде екеуінің арасында жанжал туындап, салдарынан жедел жәрдем қызметкері дене жарақатын алған.
Volkswagen Passat жүргізушісі медициналық куәландыруға жеткізіліп, оның жеңіл дәрежелі мас күйі расталды.
Бұзақылық әрекеттері мен дене жарақатын салу фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тергеу барысында жедел жәрдем жүргізушісі ешқандай шағымы жоқ екендігі туралы қарсы арыз түсірген.
Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға биыл сәуір айында болған.
Ведомство ақпаратынша, 28 сәуір күні Төлеби аудандық полиция бөліміне Леңгір қаласында Volkswagen Passat жүргізушісі жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін соққыға жыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
“Оқиға орнына келген полицейлер шақыртумен кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігіне көпірде ер адамның жол бермегенін анықтады. Салдарынан олардың арасында жанжал туындап, жедел жәрдем қызметкері дене жарақатын алған. Құқық бұзушының заңға қайшы әрекетін полиция қызметерлері тоқтатты. Volkswagen Passat көлігінің жүргізушісі медициналық тексерістен өтіп, нәтижесінде оның жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды”, – делінген полиция хабарламасында.
Ведомство хабарлауынша, 20 шілдеде ер адам ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін сотқа жеткізілген.
“Шақырту бойынша келген видеодағы полицейге қатысты қызметтік тергеу жүргізілуде, оның нәтижесінде заңды шешім қабылданып, тиісті шаралар қабылданады”, – деп атап өтті облыстық полиция департаментінен.