Twitter компаниясы Facebook пен Instagram-ға иелік ететін Meta компаниясын сотпен қорқытты. Өйткені жаңа Threads әлеуметтік желісі Twitter-ге өте ұқсайды, деп хабарлайды kazbusiness.kz порталы ВВС-ге сілтеме жасап.
Semafor басылымының хабарлауынша, Twitter заңгері Алекс Спиро сәрсенбіде Meta басшысы Марк Цукербергке ресми хат жіберіп, Meta-ны Threads желісін құру кезінде «коммерциялық құпияларды және басқа да зияткерлік меншікті жүйелі, зиянды және заңсыз иемденді» деп айыптаған.
«Бәсекелестік – жақсы, бірақ алдау дұрыс емес», – деп жазды Twitter иесі Илон Маск өзінің жеке парақшасында.
Threads желілік қолданбасы осы аптаның ортасында іске қосылды және оған 30 миллионға жуық адам жазылып үлгерді. Meta басшылығы әу баста-ақ бұл желі Twitter-дің баламасы болатынын мәлімдеген.
Алекс Спиро өз хатында, Meta-ны компания құпияларына әлі де қол жеткізе алатын және осы әлеуметтік желіні көшіруге көмектескен ондаған бұрынғы Twitter қызметкерлерін жұмысқа алды деп айыптайды.
Twitter заңгері Meta -дан бұл құпияларды қолдануды дереу тоқтатуды талап етіп, сотқа беремін деп қорқытты.