Жеке бизнес. Оны неден бастау керек?
Барлығы идеядан басталады
Өз фирмаңызды ашу жолындағы бірінші атқарылатын нәрсе – идеяны ойластыру.
Бизнес-жоспар құрастыру немесе бәсекелестерге талдау жасау үшін сіздің немен айналысатыныңыз турады идеяны анықтап алу керек. Сонымен қатар, өз идеяңызды көрнекті түрде жеткізу керек! Мысалы, сіз ағылшын тілі мектебін ашқыңыз келеді. Бастапқы кезеңде сіз мектептің ауқымы туралы ойланасыз: бұл шағын мектеп бола ма немесе үлкен білім беру орталығы бола ма. Жұмысқа шетелдік мұғалімдерді шақырасыз ба немесе жергілікті мұғалімдер жеткілікті бола ма және т.б.
Шағын бизнесті бастамас бұрын – өзімізге талдау жасаймыз
Сіздің идеяңыз толықтай жетіліп, қалыптасқаннан кейін – өз мүмкіндіктеріңізді, бәсекелестер мен тәуекелдерді талдауға кірісесіз. Нақты мүмкіндіктеріңізді бағаламаған жағдайда тақырға отыруыңыз мүмкін.
Сонымен қатар, сізге келесі жағдайларды бағалау керек:
– барлық біліміңіз бен дағдыларыңыз, сондай-ақ, оларды өз бизнесіңізде қолдану мүмкіндіктері;
– сіздің бизнесіңіз есептелетін мақсатты аудитория;
– ғимарат немесе арнайы құрылғылардың қажеттілігі;
– ақша қаражаттары немесе кредит мүмкіндіктерінің болуы;
– қызметкерлердің қажеттілігі;
– сәтсіздік жағдайында істі қайта ұйымдастыру жолдары.
Бәсекелестерді талдау
Шағын бизнесті ашудың барлық оң және теріс жақтарын өлшеу және өз ісін ашу туралы соңғы шешім қабылдағаннан кейін, таңдалған саланы талдауға көшу керек. Осы кезеңде, сіздің бәсекелестеріңіз турады толық ақпарат жинау керек.
Бұл үшін әрбір бәсекелестің карточкасын құрастыру керек. Мұнда сіз өзіңіз үшін маңызды тармақтарды жазып отырасыз. Ағылшын тілі мектебі үшін карточкаға: орналасқан орны, жұмыс жасаған уақыты, тілдер саны, оқытушылар саны және т.б. жазылады.
Есте сақтаңыз: жергілікті жердегі барлау ғана сізге бәсекелес туралы толық түсінік береді. Осы кезеңде барлық мектептерге барып, өзіңізге қажетті ақпаратты біле аласыз. Кемшіліктері мен мықты жақтарын анықтау үшін әр мектептегі бірнеше сабаққа қатысқан дұрыс.
Бизнес –жоспар құрастырамыз
Сіз идеяңызды «ресімдеп», жеке және бәсекелі мүмкіндіктеріңізге талдау жасағаннан кейін бизнес-жоспар дайындауға көшесіз. Ол сізге таңдалған саланың құрылымын, бәсекелестікті және бастапқы кезеңдегі шығындарды дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Бизнес-жоспарда сатылатын тауар немесе көрсетілетін қызметтің дәл сипаттамасынан бастап, фирманы дамыту әдістеріне дейін қамтылады. Өз тауарларыңыз бен қызметтеріңізді кімге және қалай сататыныңызды сіз тек өзіңіз ғана білесіз.
Кәсіпорынды тіркеу
Бұл тармаққа баса мән беру керек. Жұмыс жасап жүрген заңды тұлғалардың ұйымдастырушылық-құқықтық формаларын зерттеңіз. Ұйымдастырудың бастапқы кезеңінде арнайы бухгалтерлік агенттікке жүгіну және міндетті түрде салық салу жүйесін таңдау керек. Сонымен қатар, сізге банк шоты мен мөр қажет болады.
Шағын бизнеске кредит беру
Бастапқы кезеңде көптеген ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер кредит алғысы келеді. Дегенмен, барлық банктер бірдей мұндай жағдайда көмек көрсете алмайды, себебі көптеген банк бағдарламалары негізінен қалыптасқан бизнеске бағытталған. Сол себепті, кредит алуға өтініш берудің алдында таңдалған банктің шағын бизнеспен жасайтын жұмыстарының барлық шарттарын қарастыру керек. Шағын бизнесті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану керек.
Кәсіпорын жұмысын ұйымдастыру
Барлық ресми шаралардан өткеннен кейін, сіз бір бума қағазыңызбен сізді директор ретінде бекітетін салық мекемесі табалдырығында тұрған сәттен бастап сіздің қызметіңіздің ең қызықты кезеңі басталады.
Ұйым құрылғаннан кейін, сізге оның жұмысын жолға қою, қызметкерлер жалдау, құрылғылар сатып алу және жарнама жасау қажет. Өз шағын кәсіпорныңыздың жұмысын қалай ұйымдастыратыныңызға әрі қарай қандай кіріс алатыныңыз байланысты болады.
Перспективті бизнес-идеялар көздері
Жақсы бизнес-идеяны алу оңай нәрсе емес. Ол үшін әр түрлі көздер қолданылады:
· бәсекелестер шығаратын өнім;
· сауда қызметкерлерінің, өткізу агенттерінің пікірлері;
· әр түрлі басылымдар;
· тұтынушылардың пікірлері;
· достар мен туысқандардың ұсыныстары мен нұсқаулары;
· үкіметтің, қала немесе аудандағы жергілікті әкімшіліктің басылымдары;
· әлеуметтік қызметтер немесе коммерциялық емес ұйымдардағы туындаған идеялар;
· патент бюросының мұрағаттары;
· зерттеу лабораториялары мен университеттер;
· кәсіпорынның ғылыми-зерттеу және тәжірибелік құрылымдық әзірлемелері.
Тұтынушылардың арыздары мен сұраныстардың қанағаттандырылмауы бірнеше әріптестер мен туыстарынан естіген жағдайда тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған жаңа өнім (қызмет) шығарумен байланысты бизнес-идеяның туындауына түрткі болуы мүмкін. Сатып алушылармен, сауда қызметкерлері, техникалық мамандар және өткізу агенттерімен әңгімеден алынған ақпарат кәсіпкерге пайдалы ой мен бизнес идеялар алып келуі мүмкін. Жаңа идеялардың көзі патент бюросы мұрағаттары, кәсіпорынның ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрылымдық жұмыстары мұрағаттарына шолу да болуы мүмкін.
Менеджмент саласындағы көрнекті теоретик Питер Друкер кәсіпкерлік мүмкіндіктерге алып келетін өзгерістерді талдаудың жеті саласын атап көрсеткен. Олар орын алып отырған өзгерістердің белгілері және индикаторлары болуы мүмкін.
Оларға жататындар:
v кездейсоқ оқиғалар (кәсіпорын немесе сала үшін) — күтпеген жетістік, күтпеген сәтсіздік немесе кенеттен орын алған штаттан тыс жағдай;
v конгруэнтті болмау — нақтылық пен біздің ол туралы түсінігіміздің арасындағы сәйкессіздік («ол қандай болуы керек екені»);
v үдеріс қажеттіліктеріне негізделген жаңалықтар (оның жойылуы тиісті кемшіліктері мен осал тұстары);
v сала немесе нарық құрылымдағы кенет өзгеріс;
v демографиялық өзгерістер;
v қабылдау мен құндылық бағдардың өзгеруі;
v жаңа білімдер (ғылыми және ғылыми емес).
Болашақ бизнестің идеясын таңдау барысында нарықтағы сатып алушылардың жалпы қалауын ескеру керек. Сіздің бизнесіңіз – бұл сіздің тауар немесе қызметті сатып алған тұтынушы сатып алатын қанағат екенін ұмытпаңыз.
Жемісті бизнестің бірнеше ережелері
Жыл сайын тауарлар мен қызметтер нарығында жүздеген жаңа компаниялар пайда болады. Бір компаниялардың қажетті қаражаты болмаса да дереу жолы болса, енді біреулері өз орнын сақтап қала алмайды. Үшінші біреулері бастапқыда ешбір құралы болмаса да жеңіп шығып, табысты холдингтердің өзінен де озып кетеді. Сол себепті кәсіпкер фирма ашу кезінде бизнесте жолы болғанын тілейді.
Бизнестегі сәттілік: табысты бизнестің саласы дұрыс
Қандай да бір фирма ашудың алдында сізге таңдалған салада талдау жасап, өз фирмаңыз бәсекелестікті қалай жеңе алатынын білу керек. Мысалы, халық саны 20 мың адамды құрайтын қалада екі жүзінші азық-түлік сататын дүкен ашудың мәні жоқ. Дегенмен, бәсекелестік жоқ жағдайда шағын құрылыс дүкенін ашуға әбден болады.
Бизнесте жетістікке жету үшін — мақсатты аудиторияны зерттеу керек.
Кез келген кәсіпкер үшін өзінің мақсатты тұтынушысының келбетін білу маңызды. Идеалдар туралы айтатын болсақ, тұтынушы сіздің тауарды немесе қызметті сатып алып, ал сіздің ісіңіз қуаныш әкелуі керек.
Өз өнім мен қызметіңізді бірегейлігі туралы ойлануға ешқашан да кеш емес. Өнімнің ерекше белгілері туралы ойланыңыз. Адамдар не себепті көршілес «Шаруашылық тауарларына» емес сізге келуі керек?
Сіз тұтынушыны қосымша жеңілдіктермен немесе тауар сапасыз болған жағдайда ақшасын қайтару арқылы қызықтыра аласыз.
Бизнестегі жетістік үшін беделді қорғау керек
Жақсы бедел болмаған жағдайда ешқандай бизнес жетістікке жете алмайды. Сол себепті істі адал жүргізу, тұтынушыларды еш уақытта алдамай, даулы мәселені екі жаққа да ұтымды шешу керек.
Бизнестегі жетістік. Жаңалыққа қарсы ашықтық
Ақылсыздық сәнді емес. Сол себепті өз қызметкерлеріңіз бен мамандардың пікірлеріне құлақ асу керек. Эксперимент жасауға және сынға қалуға қорықпау керек.
Қорытынды шығара білу
Бұл тек кәсіпкерлерге ғана емес, барлық адамдарға қатысты. Кез келген ұйымда сәттіліктер мен сәтсіздіктер болатыны анық. Сол себепті қателіктен сабақ алу аса маңызды. Бәрін өзіңіз жасау қажет емес. Өкілеттілікті бөле білу керек.
Қорыта келе, тек ақшаға ғана баса мән бермеу керек. Бірінші кезекте сіз өз тұтынушыларыңыздың қажеттіліктерін қанағаттандыра білуіңіз қажет. Ал риза болған тұтынушы қайта айналып келеді.
Бизнес-идея мазмұны және оны түсіндіру тәсілдері
Бизнес-идеяны жүзеге асыруда жетістіктерге жету үшін оны инвестор тұрғысынан қарастыру керек. Бизнес-идеялар – бұл өнімнің жарнама парағы немесе техникалық тапсырма емес, бұл шешім қабылдауға арналған құжат және ол үш сұраққа жауап беруі керек.
1. Бизнес-идея қандай мәселенің шешімін табады, оның тұтынушы үшін пайдасы қандай (не)? Нарық жағдайында жетістік таң қалатын құжаттарға емес, қанағаттанған тұтынушыларға тәуелді болады. Тұтынушылар өз қажеттіліктерін қанағаттандырып, мәселелерінің шешімін табу үшін өнімді сатып алады. Бизнес-идея әлеуетті тұтынушылар үшін маңызды мәселелердің шешімін табуы керек. Олардың өнімді тұтынудан алған пайдасы оның жаңалығы, балама шешімдермен салыстырғанда жақсартылуымен байланысты болады. Осылардың барлығы бизнес-идеялардың нарықтағы жетістіктерін қамтамасыз ету мен дифференциалдау құралы болып табылады.
2. Ұсынылатын өнім немесе қызметтің нарығы қандай (кімге)? Бизнес-идеяның нақты экономикалық маңызы тек адамдар бір зат сатып алғысы келгенде ғана байқалады. Сол себепті сәтті бизнес-идеяның екінші ережесі – бұл оның өнім үшін тартымды нарықтың болуын көрсетуі және мақсатты тұтынушылар тобын сәйкестендіруі болып табылады.
Осы мақсатта нарыққа толықтай талдау жасау қажет. Нарық өлшемдеріне қатысты жасалған ұсыныстар бизнес-идея үшін жеткілікті болады.
3. Кіріс алу механизмі қандай (қалай)? Бизнестегі кірісті анықтаудың классикалық сызбасы келесі түрде болады: кәсіпорын шикізат, материал немесе қызметтерді жеткізушіден сатып алады, олардың ақысын төлейді. Төлем өлшемдері оның шығындарын көрсетеді. Кәсіпорын өзі өндірген өнімдерін сатқанда ол кіріс және өткізу түсімін алады. Бастапқыда кіріс мен шығысты жай есептеумен шектелуге болады.