Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,8% құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
“Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,8% құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 4,6%, ал қызмет көрсету саласында 4,7% құрады. Барлық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалады, бұл ретте құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат пен байланыс ең үлкен өсімді көрсетеді”, – деді Әлібек Қуантыров.
Министр негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,4% құрағанын атап өтті.
Инвестициялар ағыны көлікте және қоймада 57,7%-ға, білім беруде 24,3%-ға, саудада 22,6%-ға, ауыл шаруашылығында 21,3%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте 9%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 8,4%-ға өсті.
“Өңірлік бөліністе ең үздік көрсеткіштер Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында байқалады”, – деп толықтырды Әлібек Қуантыров.