Бүгінде қаржы салу туралы таныс, туыстарынан немесе жеке қоңырау шалу арқылы ұсыныс алмаған адам жоқ шығар. Мұндайда бірден бас тартатындар бар. Дегенмен, қызығып, кірісі қанша екенін сұрайтындар да жеткілікті. Өкініштісі, компанияның қаржылық жағдайы, қызметі, табыс көзінен гөрі адамдарды қаржы салу жолдары, одан қандай табыс табатыны және табыс тапқан адамдар туралы ақпарат көбірек қызықтырады. Адамдарға ұсыныс жасаушының қоғамдағы бедел-абыройы мен танымалдылығы да ерекше ықпал етеді. Сөйтіп, өз ақылынан гөрі өзгенің ақылына жүгініп жатады. Бұл дұрыс емес!
Әрбір адам өз ақылына сеніп, қаржы пирамидаларының келесі белгілерін үнемі есте ұстағаны жөн:
- Қатысушыларға аз уақыт ішінде немесе жүйелі түрде түсіп отыратын ақылға қонымсыз көп мөлшердегі кірісті уәде етеді.
- Алғашқы жарна ретінде мол қаражатты сұрайды (кейде аз болуы да мүмкін).
- Ақша салу барысында нақты өнім, тауар болмайды немесе ұсынылып отырған тауар бағасы оның өзіндік құнынан бірнеше есе қымбат болады;
- Негізгі түсім жаңа салымшылардың салған ақшасынан түседі және төлемдер де адам тартуына қарай төленеді;
- Ұйымның нақты қызметі түсініксіз, бірақ, қаржы, инвестиция саласымен байланысты болады. Көп ретте қызметін “Алтынға, қаржылық қорға ақша саламыз” деп түсіндіреді.
- Жарнама тым белсенді жасалады, үгіт-насихат үшін маркетингтік көптеген тәсілдер қолданылады;
- Төмен пайызбен кредит, қарыз береді немесе жоғары пайызбен депозит ашуға мүмкіндік береді.
- Ұйым атауында, символикасы мен жарнамасында нарықта бар танымал банктер, микроқаржылық ұйымдар, ломбардтармен ұқсастық болады;
- Ұйым сайты кәсіби емес, жарнамалық мақсаттағы арзанқол деңгейде болады.
- Сайтта жарғылық құжаттар, басшылық туралы ақпарат толық берілмейді.