Премьер-министр Әлихан Смайылов мемлекеттен субсидия алатын фермерлерді өнімдерін ішкі нарықта сатуға міндеттеу қажет екенін айтты.
“Біз ауылшаруашылық тауар өндірушілер субсидия алып, барлық өнімдерді экспортқа шығарып жатқанын көріп отырмыз. Яғни, кейбір позициялар бойынша тапшылық байқалады, ал бұл бағаның өсуіне әкеледі. Сондықтан өнімнің бір бөлігі ішкі нарықта сатылуы керек. Мұны өндіріс пен тұтыну көлемінің негізінде анықтау қажет”, — деді Әлихан Смайылов отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында.
Ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеевтің айтуынша, қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін реформалау бойынша рәсімдерді оңайлату, қолданыстағы бағыттарды оңтайландыру және субсидиялардың жаңа түрлерін енгізу, инновацияларды пайдалануды ынталандыру және ауылда кооперацияны дамытуды көздейтін жаңа тәсілдер әзірленді.
Үкімет басшысы түзетулер пакеті шеңберінде өнімнің бір бөлігін ішкі нарықта сату бойынша міндеттемені қарастыру қажет екенін атап өтті.
Отырыс барысында “Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы” ЖШС бас директоры Фарид Абитаев тауар өндірушілердің коммерциялық банктерге тәуелділігі мәселесін көтерді, себебі аграршылар несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды автоматты түрде жоғалтуына байланысты қолдаудың жеңілдікті бағдарламаларына ауыса алмайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне бұл мәселені қысқа мерзімде пысықтау тапсырылды.
“Қазір “Атамекен” ҰКП-мен бірге кәсіпкерлерге қойылатын талаптар қайта қаралып жатыр. Субсидиялау ережелеріне сәйкес, бизнес тап болатын барлық түсініксіздіктер мен қайшылықтарды олардың көмгімен жою бойынша жұмыс жүргізу қажет. Мұны қысқа мерзімде жасау керек”, — деді Әлихан Смайылов.