Алдымен аудандық Мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған облыс басшысы осы ғимараттың мәжіліс залында өңір халқымен кездесті. Бейбіт Исабаев өз баяндамасында Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған міндеттеріне сай қабылданатын шаралар, елдегі саяси-экономикалық өзгерістер, оның халықтың әл-ауқатын көтеруге әсер-ықпалы жайлы қысқаша айтып берді. Сол сияқты облыс және аудан экономикасының қазіргі хал-ахуалынан хабардар етіп, Сарқанда қолға алынуы тиіс бағыттарды атап өтті.
Мәселен, суармалы судың тапшылығын болдырмау үшін биыл Сарқан қаласы, Алмалы, Амангелді, Бақалы, Қарабөгет және Черкасск ауылдарында ұзындығы 119 шақырым 10 ішкі шаруашылық каналдарын механикалық тазалау үшін 207 млн. теңге бөлінді. Алмалы ауылдық округіндегі ұзындығы 11,6 шақырым «Малиш» каналын механикалық тазалау жұмыстары басталды. Өткен жылы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру үшін облыстық бюджеттен Тәуке, Ащылыөзек магистралды каналын күрделі жөндеуге 1,3 млрд. теңге бөлінді. Оларды қалпына келтіру жұмыстары биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталады. Өңірде тау туризмі, Балқаш көлінің жағалауын дамыту жұмыстары жүргізіледі.
– Мал басының көбеюіне байланысты ауданда жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі байқалады. Мұндай мәселе бір Сарқан ауданында ғана емес, барлық өңірде бар. Сондықтан бұл проблеманы мен жақсы білемін. Бұл өңірде халықтың жайылымдық жерге деген мұқтаждығын шешу үшін «Март-Агро» компаниясымен Қойлық пен Бақалы ауылдық округтерінде егіс науқаны аяқталғаннан кейін жерді мал жаю үшін пайдалану жөнінде келісім жасалып, меморандумға қол қойылған. Тиісті сала басшыларына жер пайдалануға мониторингті күшейту, оларды айналымға енгізу, мемлекеттік меншікке қайтару жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу шараларын қабылдауды тапсырамын. Аудан әкімдігі осы маңызды мәселені ерекше бақылауға алсын, – деді Б.Исабаев.
Айтылған мәліметтерге сүйенсек, Сарқан ауданында 5,5, млрд. теңгенің өнімі өндірілген, яғни облыс көлеміндегі үлесі 3,8%. Осы орайда облыс әкімі шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті. «Аудандағы 3 мың субъектіден бюджетке 406 млн. теңге түскен, яғни өткен жылдың осы мерзіміне қарағанда 3,4% артық. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ мұнымен тоқтап қалмай, шағын бизнесті одан әрі дамыту керек. Тұрғын үй құрылысы қарқынды басталды. Марқұм Талғат Қайнарбековтің бастаған осы игі істері аяқсыз қалмауы тиіс», – деді Б.Исабаев.
Сарқан ауданындағы 36 елді мекеннің 28-і орталық су жүйесімен қамтылған. Дегенмен 21%-нің тозығы жеткен. Сарқан қаласының тұрғындары бұған дейін көктемгі-жазғы кезеңде ауыз су сапасын жақсартуды сұраған болатын. Осыған байланысты облыс әкімі қазір су жүйесінің 1-ші шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатқанын айтты. Сол сияқты қаладағы сүзгінің кәріз алаңдарын 17,7 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстары қазанның соңында аяқталуы тиіс. Сонымен бірге Сарқан өзеніндегі бастоғанның, Екіаша, Алмалы ауылдарындағы сумен қамту жүйелерінің жаңғыртуы мен құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Сол сияқты облыс басшысы жол жөндеу, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, жұмыспен қамту сияқты басқа да маңызды салалардағы жоспар-жобалар жайлы айтып берді.
– Қағаздағы есепте мыңдаған адамды жұмыспен қамтыдық деп көрсетеміз. Шынында солай ма, уақытша және маусымдық жұмысқа тұрғандар бір-екі айдан кейін қайтадан жұмыссыз қалады. Сондықтан есеп жүргізу методикасын қайта қарап, нақты жағдайды анықтап, соған қарай іс-шаралар қабылдауымыз керек, – деп Б.Исабаев облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жаңа міндет жүктеді. Жиында аудан тұрғындарынан он бес сұрақ қойылды. Мәселен, Қазыбаев ауылының тұрғыны Талғат Оралханов ауылдағы фельдшерлік акушерлік пункт 1970 жылы салынғанын, қазір керегесі жарылып тұрғанын айтты. Сондықтан ауылдықтарға жаңа ФАП керек. Облыс әкімі бұл мәселе БМК арқылы шешілетінін жеткізді. «Сіздерге 2023 жылы жаңа ФАП салып береміз. Ауылдастарыңызға айтып барсаңыз болады», – деді Б.Исабаев
Ал Аманбөктер ауылының тұрғыны Есенжол Мүсәпіровтің айтуынша, Екіаша мен Аманбөктер арасындағы жолдың 3 шақырымына асфальт төселмеген. Тұрғындар осы жолды жасап беруді сұрайды. Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына мұны келесі жылдың жоспарына енгізіп, жолды жөндеп беру тапсырылды. Сол сияқты 80 орынды мәдениет үйін салу мәселесі де келер жылы шешімін табатын болды. Тұрғындар Екіаша ауылындағы ауыз су, интернет мәселесі, Қойлық ауылында май жайылымы, ауыз су сапасын жақсарту, ауыл ішілік жолдарды жөндеу, жазғы маусымда суару суымен қамту мәселелерін көтерді. Айтылған проблемаларға қатысты Бейбіт Исабаев тиісті салалар мен аудан басшыларынан мән-жайды анықтай отырып нақты жауап берді. Мәселен, Екіаша ауылының сумен қамту жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжатына қаржы қарастылып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылға белгіленген. Қойлықтағы жайылымдық жерлерге қатысты ірі жер иеленуші ретінде «Март-Агро» серіктестігінің өкілі көптің алдына шығып, әкімдікпен тиісті келісім жасалғанын, мәселе шешімін табатынын айтты. Бұдан басқа да Ермек Шиілтенқызының апатты үйін жөндеп беру мәселесі демеушілік көмек арқылы шешімін табатын болды.
Осы жиында Бейбіт Исабаев аудан әкімінің орынбасары өзі жер комиссиясының төрағасы бола отырып, жұбайының атына 500 гектар жер бергені туралы арыз келіп түскенін айтты. Бұл мәселе тиісті комиссия құрылып, тексерілетін болады. «Мұның заңды-заңсыз екенін комиссия тексере жатар. Бірақ қалай болғанда да бұл этикаға жатпайды», – деді Б.Исабаев аудан әкімінің орынбасарына.
Сол сияқты осы орынбасардың ауданға бөлінген арзандатылған жанар-жағар майды талан-таражға салғаны туралы да облыс әкіміне арыз жеткен екен. Енді бұл мәселенің жай-жапсарын анықтаумен аудандық прокуратура айналысатын болады.