Елімізде бір жылда жанар-жағармай материалдары 8%-ға, ал дизель отыны 36%-ға қымбаттады. Оның ішінде жазғы дизель отыны – 19%-ға, қысқысы – 55,9%-ға өсті, деп жазады kazbusiness,kz energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Осы жылдың тамыз айында жеке көлік құралдарына арналған жанар-жағармай материалдарының құны бір жылда 7,9%-ға өскен.
Өңірлік бөліністе жанар-жағармай материалдарының бағасы:
- Павлодар облысында 11,2%-ға;
- Солтүстік Қазақстан облысында 11%-ға;
- Абай облысында 10,3%-ға көтерілген.
Ең төмен жылдық өсім Алматы және Түркістан облыстарында тіркелді.
Бензин бағасы бір жылда 3,5%-ға артты. Оның ішінде АИ-92 маркалы бензин бағасы 3,2%-ға, АИ-98 5,9%-ға, АИ-95/96 6,2%-ға өсті.
2022 жылғы тамызда еліміз бойынша АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы орташа бағасы литріне 178 теңге, АИ-95/96 – 210 теңге, АИ-98 – 232 теңге, жазғы дизель отыны – 238 теңгені құраған.
19 қыркүйектегі деректерге сәйкес, ТМД елдері арасында бензин мен дизель отынының ең жоғары бағасы Украинада тіркелген. Ең төменгі баға -Түрікменстанда.
Елімізде бір литр бензин – 0,44 доллар, дизель отыны – 0,499 доллар тұрады. Бензиннің арзандығы бойынша Қазақстан Түркіменстаннан кейін екінші орында тұр. Дизель отынының бағасы Түрікменстан мен Әзірбайжанда айтарлықтай төмен.