Қазіргі уақытта өңірдің ауыл шаруашылық саласында дәнді дақылдардың 94% жиналып, қамба 690 мың тонна астықпен толықты. Орташа өнімділігі гектарына 23,9 центнер құрады.
Өңірдегі басты табыс көзі – қант қызылшасы. Қант қызылшасы жинау барлық аудандарда жүргізілуде, бүгінгі күнге Көксу қант зауытына 42 мың тонна өнім өткізілді. Биылғы жоспар – 200 мың тонна тәтті түбір өткізу.
Ауыл шаруашылығы министрлігімен қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі Кешенді жоспары аясында қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайту, жаңа суармалы жерлерді іске қосу, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту және қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша қолда бар қуаттарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру көзделген.
«2026 жылға дейін облыста тәтті түбірдің егіс алқаптары 15 мың гектарға жеткізіледі, ал зауыттарға 525 мың тонна өнім өткізуді жоспарлап отырмыз. Зауыттардың жыл бойы жұмыс жасауды қамтамасыз ету үшін жоспарымызда 130 мың тонна құрақ қантын өңдеу бар.
Ал, Ақсу қант зауыты биылғы жылы қант қызылшасын қабылдамайды. Зауытта модернизация жүруде. Бұл зауытта да құрақ қант өндіру бағыты бойынша арнайы техника келіп, монтаж жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылдан бастап зауытта ай сайын 10 мың тоннаға дейін құрақ қант өндіріледі деп күтілуде», – дейді Нұрдәулет Кененбаев.
Өңірде суармалы егіншілікті дамытудың да мүмкіндігі мол. Қазіргі уақытта суару желілерін қайта жаңарту мақсатында Ақсу, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласы бойынша «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 3 жоба қолға алынған.
«Жетісу облысында ауылшаруашылық саласының әлеуеті зор. Жайылымдық жерлер, су көздері аталмыш саланың дамуына мол мүмкіндік береді. Жоспарда суару жүйелерін қалпына келтіру, су үнемдеу технологиясын енгізу, минералдық тыңайтқыштарды кеңінен пайдалану, озық технологияларды енгізу және тұқым сапасы мәселесі маңызды. Бүгінгі күні біз дәнді жүгері, арпа, бидай тұқымдары, дәстүрлі дақылымыз қант қызылшасы болсын жаңа сапалы тұқым алу мәселесіне аса мән беріп отырмыз», – дейді Нұрдәулет Сағадиұлы.
Мал шаруашылығында саласында да тұрақты өсу байқалады. Жыл басынан 7 бордақылау алаңы мен 2 тауарлы сүт-фермасы пайдалануға берілген, облыста мал саны 1,6% – ға, ет өндірісі – 1,0% – ға, сүт өндірісі – 6,2% – ға және жүн өндірісі – 3,1% – ға өсті.
Халықты нарық бағасынан 10-15 пайызға арзандатылған сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласында 17-18 қыркүйекте, Талдықорған қаласында 8 қазанда арнайы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде жалпы жиынтығы 350 тоннаның өнімдері ұсынылды.
Жалпы жетісулық сала мамандары 2026 жылға дейін 32 млрд. теңгеге 67 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлауда.