Тараптар қазақстандық аграрлық және өнеркәсіптік өнімдер үшін жаңа өткізу нарықтарына шығу мүмкіндіктері, қолданыстағы солтүстік-оңтүстік бағытындағы кедергілерді жою мәселелерін талқылады.
Кездесулер барысында Серік Жұманғарин Қазақстан мен Иран арасында өзара сыйластық, сенімді қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Елдер арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті ілгерілетуге 2022 жылғы маусым, қыркүйек-қазан айларында өткен ең жоғары деңгейдегі бірқатар кездесулер елеулі серпін берді. Мемлекет басшылары сапарларының қорытындысы бойынша бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді және Қазақстан-Иран өзара іс-қимылын жандандыруға бағытталған тапсырмалар берілді.
«Қазақстан бидай мен арпаны, кондитерлік және ұн өнімдерін, ет, өсімдік майларын және басқа да өнімдерді экспорттауға дайын. Біз Иранмен агроөнеркәсіптік өнімдердің өзара сауда көлемін $1 млрд-қа дейін ұлғайтуға және Қазақстан үшін Пәкістан, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Африка сынды жаңа нарықтарға шығуға қызығушылық танытудамыз. Ирандық әріптестердің саладағы тәжірибесі біздің бизнес үшін өте пайдалы болары сөзсіз», — деді Серік Жұманғарин Иранның ауыл шаруашылығы министрі Сейед Джавад Садатинеджадпен кездесуде.
Иранның Көлік және қаланы дамыту министрі Ростам Қасемимен кездесу барысында Серік Жұманғарин қазақстандық тараптың тауарлар ағыны көлемін жылына 1 млн-нан 4 млн тоннаға дейін ұлғайту ниетін айтты. Ол үшін кездесуге қатысушылар 2022 жылдың соңына дейін «тар» инфрақұрылымдық орындарды жою және 2022-2025 жылдарға арналған Солтүстік-Оңтүстік бағытының әлеуетін дамыту бойынша үшжақты жол картасын қабылдауға келісті. Тараптар Жол картасына енгізу үшін келесі қадамдарды пысықтауға келісті:
– жүк көлігінің жүргізушілері, халықаралық тасымалдарға қатысушылар үшін арнайы визалық режим құру. Бизнес өкілдері үшін осындай визалық жеңілдіктер алу мүмкіндігін қосымша қарастыру;
– бірыңғай тарифті, бірыңғай көлік құжатын және бірыңғай ақпараттық жүйені енгізуді қоса алғанда, екі елдің кедендік ресімдеу процестерін оңтайландыру;
– «Қырғызстан – Қазақстан – Ресей» үлгісі бойынша навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағыты бойынша жүктерді автокөлікпен тасымалдау бойынша пилоттық жобаны іске қосу;
Сондай-ақ логистикалық процестер мен екіжақты сауданың тиімділігін арттыру мақсатында тараптар бірлескен экспорттық-импорттық компания құру мүмкіндігін пысықтауға келісті.
Кездесулер барысында айтылған барлық келісімдер сауда, көлік және логистиканы дамыту саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қоюмен бекітілді.
Анықтама: 2022 жылғы қаңтар-тамызда Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы арасындағы тауар айналымы 9,3%-ға өсіп, $350,2 млн (2021 ж. 8 айы – $320,4 млн) құрады. Бұл ретте экспорт көлемі өткен жылдың 8 айының көрсеткіштері деңгейінде сақталып (0,1%-ға төмендеді), $215,3 млн құрады. ҚР мен ИИР арасындағы тауар айналымы 2021 жылы $440,9 млн құрады, бұл 2020 жылға қарағанда 85,1%-ға жоғары ($238,1 млн).