Былтыр “Ұлттық Рухани жаңғыру” ұлттық жобасының аясында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жастарға арналған “Тәуелсіздік ұрпақтары” конкурсы қолға алынған болатын. Жоба биыл да жалғасын тауып, келіп түскен 1000 өтініштің ішінен 33 үміткердің жобасы іріктеліп алынған, деп хабарлайды kazbusiness.kz ақпарат агенттігі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Ақұлан Тастемірдің айтуынша, “Тәуелсіздік ұрпақтары” жобасына еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері дүниеге келген, 14-29 аралығындағы жастар қатыса алады.
“Жоба жастарды әлеуметтік қамту, әлеуметтендіру және кәсіпке деген ынтасын дамыту, кәсіппен айналысамын деген жастарға қаржылық демеу беру және шығармашыл, талантты жастарымызды қолдау мақсатында қолға алынған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңарту. Ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейі мен талғамын көтеру. Жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу”, – дейді ол.
Оның айтуынша, жоба жеңімпаздары анықталғанға дейін олармен бір жылға шарт жасалынады. Мысалы, 2021 жылы жеңімпаз болған “Тәуелсіздік ұрпақтары” грантының отыз иегері 2022 жылы өз жобаларын толық, өз деңгейінде жүзеге асыруы керек.
“Олар осы бір жыл көлемінде жобаларын аяқтап үлгеруі керек. Шартқа сәйкес, әр үш ай сайын “Тәуелсіздік ұрпақтарының” жеңімпаздары өз жобалары жөнінде ақпарат пен есеп беруге міндетті. Сондай-ақ біздің министрліктің жастар жөніндегі комитетімен бірлесіп оытрып, жеңімпаздарға ақпараттық және басқа да қажетті қолдауларды жасалынады. Осылайша бір жыл көлемінде жоба іске асырылатын болады”, – дейді Ақұлан Тастемір.
Жобаға қойылатын талаптар бойынша әркімнің ұтып алған 3 миллион теңгесі бес түрлі бағытта іске асырылады.
“Мысалы жеңімпаз оқу-ағарту курсын ашамын десе, оқу-ағарту курсына жұмсалатын қаржының барлығы сметада көрсетілуі керек. Өздерінің көрсеткен сметаларындағы каржыларға сәйкес үш миллион теңге ретімен жұмсалаын болады. Егер қаржы басқа бағытта, яғни сметада көрсетілмеген бағыттарда жұмсалса, ереже бұзылған болып есептеледі. Былайша айтқанда, барлығы бекітілген ереже мен тәртіпке сәйкес іске асырылады”, – дейді басқарма басшысы.
Нәтижесінде ол өзінің ғылым, мәдениет, бизес, IT саласындағы өзі қалаған жобаларын нәтижелі түрде жүзеге асыратын болады.
“Біріншіден біз жастарымыздың өз ойында жүрген ауқымды жобаларын іске асыруға көмектесеміз. Өткен жылғы жобалардың ішінде ең көзге түскені Науымова Динара есімді қызымыздың жобасы болды. Динара жобаның негізінде Ақмола облысының кейбір аудандарындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың денсаулығын қайта қалыпқа келтіру мақсатында физикалық жаттығу орнын ашқан болатын. Орталыққа өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлығы келіп, тегін түрде спортпен шұғылданғанды. Олардың жүру, қозғалу яғни физикалық даму мәселесі тақырыбында көптеген тренингтер өткізілді. Осылайша ауқымды әрі пайдалы іспен айналысудың арқасында көп азаматқа пайдасын тигізді”, – дейді ол.
Айтуынша, одан бөлек, Игорь есімді жеңімпаздарымыздың бірі Қазақстанның демографиялық және статистикалық мәліметтерін зерттеу бойынша аналтикалық арнайы үлкен база дайындап шыққан.
“Ол негізі әртүрлі салалар мен бағыттар негізіндегі мәліметтерді өңдеп, болашақтағы халық санының өсуі немесе соған қатысты мәселелердің шешілу жолдарын, былайша айтқанда үлкен аналитикалық шаруаларды тиімді шешуге бағытталған үлкен бағдарлама ойлап тапты. Биылғы келіп түскен өтініштердің ішінде де ауыз толтырып айтуға болатындай жобалар жетерлік. 1000-нан астам өтініш келіп түсті. Қазір оларды өңдеп, қарап жатырмыз. Кейбіреулерінің әрине, құжаттарды өз деңгейінде, талапқа сәйкес толтырмауына байланысты өтініштері қабылданбай қалып жатады”, – дейді Ақұлан Тастемір.
Басқарма басшысы үміткерлердің тізімдегі құжаттар тұтас болмаса, тұжырымдамасы, бейнеролигі талаптарға сәйкес келмесе жобасы қабылданбайтынын айтады.
“Құжаттар сәйкес келіп, талаптар орындалған жағдайда жобалар әр бағыт бойынша жалпы шешімге сәйкес қазылар алқасының назарына ұсынылатын болады. Осы жылға келіп түскен өтініштердің барлығын қарап, 15 желтоқсанына дейін жеңімпаздарды марапаттайтын боламыз. Олар қаңтар айынан келесі жылғы желтоқсан айына дейін жобаны бір жыл көлемінде іске асыруға міндетті. 2022 жылы “Тәуелсіздік ұрпақтары” грантына 33 аданың ие болғаны анықталды. Оларға 3 миллион теңгеден сомасы 99 миллион теңге үлестіріліп берілетін болады”, – дейді басқарма басшысы.
Бастапқы іріктеу кезеңі кезінде ғылым, мәдениет, IT салаларына түскен өтініштердің барлығы қазылар алқасына үлестіріліп беріледі.
“Сондай-ақ қазылар алқасының қолына бағалау парағы ұсынылады. Бағалау парағында жобаның маңыздылығы, өміршеңдігі, берер пайдасы, ауқымы және нәтижесі есепке алынып, ұпай санын кім көп жинайды сол іріктеу кезеңінен өтеді. Әр бағытқа әртүрлі өтініш келуі мүмкін. Біреуіне 100, біреуіне 50 деген секілді. Солардың арасынан ең үздіктері таңдалып, қазылар алқасы құрамының жалпы шешіміне сәйкес әр бағыт бойынша алты жобадан, ал бизнес бағыты бойынша өтініштердің көп болуына байланысты қазылар бұл салаға артығырақ грант бөлуді анықтайтын болады”, – дейді ол.
Ақұлан Тастемірдің айтуынша, жоба келесі жылы да жалғасын табады.
“Қазылар алқасының құрамына ғылым, мәдениет, IT салаларындағы ең үлкен жетістікке жеткен, сол саланың жілігін шағып, майын ішкен азаматтар кіреді. Олардың ішінде, медиа саласын алып қарасақ, телеарна басшылары, холдингтердің директорлары, танымал журналистер, одан бөлек министрлер және Парламент мәжілісі мен сенаты депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласында түрлі мәдени ошақтардың директорлары бар. Олар келіп түскен өтініштердің барлығын жеке бағалау парағына сәйкес қарастырып, өздерінің ортақ шешімін қорытынды жиын барысында шығаратын болады”, – дейді Ақұлан Тастемірұлы.
Айта кетсек, гранттар Қазақстан Республикасының азаматына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде мынадай бағыттар бойынша беріледі:
“Ғылым” – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
“Мәдениет” – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
“Ақпараттық технологиялар” – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және дайындауға арналған;
“Бизнес” – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
“Медиа” – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.
Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде қабылданады. Сондай-ақ мынадай шарттары бар:
- нысан бойынша жобаның сипаттамасы;
- жобаның бейне-таныстырылымы (60 секундтан аспайды);
- шығыстар сметасының жобасы;
- зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса) қамтылуы тиіс.
Еске сала кетсек, 2021 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекет басшысы еліміздің 30 жас азаматына “Тәуелсіздік ұрпақтары” грантын табыс етті.