Компания Оңтүстік Кореяға виза алуға және басқа елде жүргендк көмектесетін гид беруге уәде етті. Бірақ компания қызметкерлері келісімшарт талаптарын орындамай, кеңсе мекенжайын ауыстырып жіберген.
Алданған клиенттер бұл компанияның әлеуметтік желілерде жарнамалары бар екенін айтты. Олар құжаттарды рәсімдеп, визаларды қысқа мерзімде дайындауға уәде береді. Клиент тек ақысын төлеп, ұшуға дайындалуы керек.
“Анам екеуміз осы бизнес орталыққа келіп, осы турфирманы таптық. Олармен тілдесіп, не болатынын білдік. Олар 1,5 мың доллар (704 мың теңге) төлеу керек деді. 12-19 маусым аралығында Кореяда болуымыз керек еді”, – деді қала тұрғыны Ертай Махамбетов,
Бірақ Кореяға ешкім ұшпады.
“700 мың теңге несие алып, қолма-қол ақша төледім, түбіртек пен чек бар. Бірақ олар визадан бас тартылды деп мені Кореяға жібермеді. Бәріне солай деген. Бізді алдап, ақшаны қайтармайды”, – деді тағы бір алданған клиент Назерке Шыныбекова.
Компания клиенттерінің қолында келісімшарттар бар. Олардың айтуынша, онда бас тартылған жағдайда ақшаны қайтару керек деген тармақ жазылған. Мұны компания өкілі растап, тіпті қолхат жазды.
“Қолхат шілде айында жазылды. Мұнда ол ақшаны екі апта ішінде қайтаруға міндетті екені көрсетілген. Бірақ әлі күнге дейін ақша жоқ”, – дейді тұрғын.
Алты ай бойы алданған клиенттер ақшаларын қайтаруға тырысты. Содан кейін олар полицияға жүгінді.
“Қылмыстық іс бойынша 21 адам жәбірленуші деп танылды, олар өздерінің ресми өтініштерін берді. Полиция бөлімшесі істің объективті мән-жайларын анықтауға және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартуға бағытталған жедел және тергеу іс-шараларының кешенін жүргізеді”, – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
“Аса ірі мөлшердегі алаяқтық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер компания иесінің кінәсі дәлелденсе, ол 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбеде компания 200-дей адамды Түркияға оқуға түсіремін деп сан соқтырғаны хабарланды.