Қостанайда жер телімдері үшін әкімдікпен соттасқан саяжай иелері жеңіске жетті, деп хабарлайды kazbusiness.kz ақпарат агенттігі inbusiness порталына сілтеме жасап.
Қалалық әкімдік олардың жерін 60 көпқабатты баспана тұрғызуға бермекші болған. Алайда, тұрғындар осыншама қарсылық танытып, іс насырға шабады деп ойламаса керек. Судья билік өкілдерінің әрекетін заңсыз деп тапты.
Юбилейный саяжайындағы 311 жер телімінің 100-ге жуығында тұрғындар тіркелген. Қаладан бір үй ала алмаған жандар осында бала-шағасымен күнелтіп жүр. 10 жылдап тұрғызған баспаналарының сүріліп, орнына көпқабатты үйлер салынатынын ақпарат құралдарынан естіп, аң-таң болыпты. Әкімдікке барып қарсылық танытқанмен еш нәтиже шықпаған. Ақыры сотқа жүгінді.
“Біз қарапайым халық жеңдік. Енді біз бұнымен тоқтамаймыз. Біз жерімізді ешкімге бермейміз. Біз тұрып жатқан үйімізді ешкімге бере салмаймыз. Біз тоқтамаймыз. Бізге тиіспесін”, деді “Юбилейный” саяжайының тұрғыны Ақмарал Жабаева.
Жаңадан бой көтерген шағын ауданның шеті саяжайға келіп тірелді. Әкімдік құрылыс аумағын әрі қарай кеңейтіп, мұнда көпқабатты 61 тұрғын үй салуды ұйғарған. Құрылыс компаниясы саяжай иелеріне шағын отбасыға арналған үйден бір пәтер беріп, айырбас жасамақшы екен.
“Қалайша 8 сотық жер телімін 19 шаршы метр бөлмеге айырбастауға болады? Бір сотық жердің құны 1 млн 600 мың теңге. Бізді жайымызға қалдырмаса Президентке дейін барамыз”, деді Саяжайдағы жер телімінің иесі Екатерина Пупина.
Әзірге сот тұрғындардың сөзін сөйлеп, саяжайдағы баспаналарды сүру жұмыстарын тоқтатты.
“Сот шешімімен Юбилейный 2 шағын ауданының 2-кезекте жоспарлау жобасын бекіту туралы қаулы заңсыз деп танылды. Себебі жергілікті атқарушы орган аумақта құрылыс жүргізу қайта жоспарлау ниеті туралы азаматтарды хабардар ету тәртібін бұзған”, деді Қостанай облыстық сотының Баспасөз қызметінің басшысы Зәуре Едікова.
Алайда, әкімдік соттың бұл шешімімен келіспей, 2 айда шағымдануы да мүмкін. Билік өкілдері алған бетінен қайтпаса мұнда қанды “Шаңырақ” оқиғасы қайлатана ма деген қауіп бар.