Еліміз үшін ауқымды жобаның құрылысы 2021 жылы басталды. Оны ресейлік «Татнефть» пен қазақстандық Allur компанияларының бірлескен кәсіпорны KamaTyresKZ ЖШС жүзеге асыруда. Зауыт толық қуатына шыққаннан кейін мұнда 1100-ден астам адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.
«Бұл өндіріс біздің өнеркәсіпті дамытумен қатар, моноқалаларды дамыту үшін де маңызды. Өйткені, Саран қаласының мыңнан астам тұрғыны осы өндіріске жұмысқа орналасатын болады. Айта кету керек, бұл автомобиль өнеркәсібінің де, автокөлік әуесқойларының да сұранысын өтейтін шина өнімдерін шығаратын алғашқы отандық кәсіпорын», – дейді Роман Скляр.
Негізгі өндірістік ғимараттың ауданы 87 мың шаршы метрден асады және 9 футбол алаңына тең. Мұнда жыл сайын жеңіл және жүк көліктері үшін 3,5 млн шина шығарылатын болады. Өнімдер Сібір мен Орталық Азияда сатылады. Бұл Қазақстанды импортқа тәуелді мемлекеттен шиналарды экспорттаушыға айналдыра отырып, елдің автомобиль өнеркәсібінің дамуына серпін береді.
«Бұл жобаның бірінші кезеңі ғана, бүгін біз атқарылған жұмыстың алғашқы нәтежесін көрдік. Бірлескен жобаның екінші кезеңінде резеңке бұйымдарын шығаруды қолға алсақ, үшінші кезеңде ауыл шаруашылығы техникасына арналған шиналар шығаруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, мұның барлығы Қазақстанның бірегей инвестициялық ахуалының, ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында мүмкін болды», – деп атап өтті Рустам Минниханов.
Зауыт рекордтық мерзімде – 16 айда салынды. Құрылыстың толық аяқталуы 2023 жылға жоспарланған. Жобаның бас мердігері – қазақстандық BI Group компаниясы.