Бірінші ақыл-кеңес: Қаржылай приоритет қойыңыз
Бюджетіңізді басқаратын өзіңіз. Қаржылай жағдайыңыздың мәз немесе мәз емес болуы да тікелей өзіңізге байланысты. Сондықтан ақшаны жаратарда мынандай сауал қойыңыз – бұл шығын қаншалықты сізге қажет?
Жалпы, шығындар үш түрге бөлінеді: аса шұғыл, шұғыл емес, мүлде шұғыл емес. Ай сайынғы шығындарыңызды осы үш түрдің қайсысына жатқызасыз?
- Аса шұғыл шығындар: азық-түлік, коммуналдық төлем, бәлкім, киім-кешек, несие (бар болса).
- Шұғыл емес шығындар: отбасылық демалыс (оны кейінге шегеруге болады) немесе қосымша білім алу.
- Мүлде шұғыл емес шығындар – кафе-ресторандарға бару, жаңа телефон сатып алу (ескісі болса да), жаңа сәнді киім сатып алу.
Әсіресе, осы шығындардың соңғы түріне баса назар аудару шарт. Өмірден нені қалайтыныңызды түсініп, алдыңызға мақсат қоя білсеңіз, аса қажет емес дүниелерге ақша шашпайсыз.
Екінші ақыл-кеңес: Кіріс пен шығыстың есебін жүргізіңіз
Қаржылай дербестікке қол жеткізген кез келген табысты адам осындай есеп жүргізеді. Есепке қарай отырып, қанша кіріс кіріп, қанша шығын шығатынын көресіз. Бастысы, неден ұтылып жатқаныңызды түсінесіз. Мысалы, кафелерге барып тамақ жеу біраз ақшаны құртатынын байқайсыз да келесі жолы одан бас тартасыз. Ал, егер қосымша кіріс көздеріңіз бар болса, онда тіпті есептен көз жазбауыңыз қажет.
Көбіміз айлық алған күні ақшаны жаратып тастаймыз. Есеп жүргізуге уақыт таппай кетеміз. Осындайда мобильді қосымшалардың көмегіне жүгінуге де болады.
Үшінші ақыл-кеңес: Қаржы бұлақтарын молайтуға ұмтылыңыз
Кіріс пен шығыстардың құр есебімен сіз алысқа шаппайсыз. Сондықтан қаржы бұлақтары түсінігімен жақынырақ танысып алуға кеңес береміз. Себебі бұл ақшаны тиімді басқарудың үрдісі. Осы уақытқа дейін «ай сайын айлық алып отырсам, жұмыстан айырылмасам жағдайым жақсы болады» деген түсінікпен өмір сүрсеңіз, қаржы бұлақтары бұл түсініктен бас тартып, қосымша қаржы көздерін іздестіруге ой салады. Бірнеше қаржы бұлағы бар адам ғана қаржылай дербестікке қол жеткізетінін білесіз.
Төртінші ақыл-кеңес: Несиелерден бас тартыңыз
Ақшаны үнемдеу арқылы белгілі бір сома жинап үйрену үшін несиелерден бас тарту қажет. Кредит картасы – қалтасында ақшасы жоқ адамдарды шығын жасауға итермелеу амалы. Ақша жоқ болғанымен, бар сияқты. Тіпті, зат алғанда ақшасын жаратпай, тегін алып жатқандай әсер етеді. Кез келген секундта картаны пайдалана отырып, тауар сатып алуға шектеу жоқ. Дәл қазір әмияныңызда сондай карталар бар болса, қайшымен кесіп тастаңыз да банкке барып, картаны жабу жөнінде өтініш қалдырыңыз.
Ақыл-кеңесімізді аямай айтсақ та несие алуға жағдай итермелеп тұрса, банкті дұрыстап таңдаңыз. Келісімшартымен алдын-ала танысыңыз. Не үшін артық төлем жүргізетініңізді анықтаңыз. Бір нәрсені түсінбей жатсаңыз, менеджерден ұялмай сұраңыз. Ол білмесе, бастығын шақырыңыз. Бастығы мардымды түсіндірмесе, шағым жасаңыз. Өзіңізге қажетті ақпаратты қалайда алыңыз. Сұрақтарыңыз жауапсыз қалмасын. Бәрі 100% түсінікті болған кезде ғана қол қойыңыз.
Бесінші ақыл-кеңес: Артық ақша алып жүрмеңіз
Дүкенге кіргенге дейін үйге сатып алатын азық-түліктің тізімін ойша жасап алыңыз немесе қағазға түртіп қойыңыз. Белгілі бір сома бөліңіз. Одан артық жұмсамаңыз. Маркетологтардың алдауына түсіп қалмаңыз. Бір айдың азық-түлігін сатып алуға баратын кезде де артық ақша алмаңыз. Азық-түлікке бөлінген қаражатты игеріңіз.
Алтыншы ақыл-кеңес: Зиянды әдеттерден бас тартыңыз
Темекі, сыра, арақ арзан тұрмайды. Оларға ақша құрта отырып, бірінші кезекте өз денсаулығыңызға және отбасылық бюджетіңізге зиян келтіріп жатқаныңызды түсінгейсіз. Бір темекі қорабының ақшасын күнделікті жинап отырсаңыз, бір жылда ноутбук (қарапайымын) сатып алуға болады.
Жетінші ақыл-кеңес. Есептеуіш құрылғыларын орнатыңыз
Суға, жарыққа, газға арналған есептеуіш құрылғыларын сатып алып, маманға орнатыңыз. Сонда ай сайын коммуналдық төлемге жұмсалатын ақшаның азайғанын байқайсыз. Жарықты сөндіріп жүріңіз, суды босқа ағызбаңыз.