Бірінші кеңес: Үнемшіл болыңыз — бұл саналы тұтынудың басты қағидасы.
Мысалы, бөлмеден шыққанда жарықты сөндіріңіз, пайдаланбаған кезде шүмектегі суды тоқтатыңыз. Телефонның, компьютер мен планшеттің зарядкасын да дәл солай өшіріп жүрген абзал.
Саналы тұтыну қағидасын өмірдің барлық саласында, сондай-ақ ақшаға қатысты да пайдалануға болады, әрі пайдалану қажет.
Екінші кеңес: Жарнамаға сақтықпен қараңыздар. Теледидар экрандарында, телефондарыңызда, көшедегі жарнама қалқандарында күндіз-түні сатып алуды ұсынып жататын заттарды сатып алуға асықпаңыздар. Оның өзіңізге қаншалықты керек екенін ойлануға уақыт беріңіз.
Үшінші кеңес: Әуелі ең керектілерін сатып алыңыз, тек осыдан соң ғана қосымша заттарды алуға болады. Ата-анаңызбен дәл қазір сізге нені сатып алу маңызды екенін, ал нені қоя тұруға болатынын кеңесіңіз.
Тағы да естеріңізге сала кетейік, керекті шығындар болады және қалаулы шығындар болады. Керектілер — бұл міндетті шығындар (тағам, коммуналдық төлем, салық және т.б.), ал қалаулылар — көңіліңіз қалайтын, бірақ әзірге болдырмай-ақ қоюға болатын, мысалы, компьютер ойындары, қымбат гаджеттер және т. б.
Төртінші кеңес: Оқуға инвестиция салыңыздар. Шетел тілдерін оқып, пайдалы ермек табыңыз. Қаржы туралы, табысты адамдардың автобиографиялары жайлы көбірек кітаптар мен материалдар оқыңыз.
Бесінші кеңес: Артық ештеңе алып қоймау үшін дүкенге не сатып алатыныңызды жоспарлап барыңыз. Сауда орталықтарында заттар оларды барынша көп адам алатындай етіп орналастырылған.
Оның үстіне менеджерлер көздің алдына ең қымбат заттарды қояды, ал арзанырақтары әдетте алысырақ, шетке қарай, бұрышқа қойылады. Касса маңындағы тәттілер де бала оны көріп, қолына алып, ата-анасынан сатып әперуді өтінуі үшін төмен қарай қойылады.