Бүгінгі өзекті мәселенің бірі – шетел көлігін заңдастыру, халықтың алаңдап отырғаны рас. Дегенмен үкімет бұл істі қолға алып, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жұмысты жеделдетіп жатыр. Сонымен шетел көлігін қалай заңдастырамыз деген сауалға нақты ақпарат берейік. Бұл ретте Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың жауыбын ұсынуды жөн көрдік.
«Заңдастыру үшін утилизациялық алым талап етпейді. Көлік иелері 200 000 теңге бірреттік төлем төлейді. Көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген болуы керек. Ұрланған, іздеуде болмауы тиіс. Өзге мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет. Кедендік тексеруден өтуі керек», – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.
Шетелдік көлікті заңдастыру үшін 4 құжат керек.
– “Атап айтқанда, өтініш, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін), көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік. Сондай-ақ, көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат – мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік».
Төлеу құны бойынша да халықтың арасында түрлі әңгіме өрбіп жатқаны белгілі. Бірі 200 мың десе, екіншісі, одан жоғары төлейміз деген сөз тарауда. Мына мәселеге назар аударсақ, нақты ақпаратты білетін боламыз.
Сонымен, ХҚКО арқылы көлік иесі 200 мың теңге көлемінде бірреттік төлем жасайды. Мұнымен қоса техпаспорт үшін – 4 313 теңге мемлекеттік баж, мемлекеттік нөмір алу үшін – 9 660 теңге төлейді. Негізгі төлемнің сомасы осы.
Қазақстанда «сары» нөмірлерді бере отырып, уақытша тіркелген «армян» автокөліктеріне заңдастыру қолданыла ма? Осы сауал да көлік иелерін жиі мазалайды. Бұл мәселе бойынша мынадай жауап айтылған.
Біздің елде уақытша тіркелген “армян” автокөліктері де заңдастыруға жатады. Оларды кедендік декларациялау талап етілмейді, себебі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар Еуразиялық-экономикалық одақтың тауарлары болып танылады.
Ендігі ретте көліктерді заңдастыру 23 ақпаннан 1 шілдеге дейін жүргізіледі.