Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға микронесие беруге тыйым салынуы ықтимал. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ашық талқыға шығарған қаулы-жобасында жазылған, деп хабарлайды kazbusiness.kz тілшісі.
Құжат “Ашық” НҚА порталында жарияланып, 28 сәуірге дейін талқылауда болмақ.
“Атаулы әлеуметтік көмекті және 21 жасқа толмаған қарыз алушының кірісін бағалау ресми кірісі негізінде айқындалады. Қарыз алушының орташа ай сайынғы кірісі оның өтініш жасау алдындағы қатарынан 6 айдағы қатынасы ретінде есептеледі”, – делінген құжат мәтінінде.
Қаулы жобасына қосымша берілген түсіндірмеде бұл бастама 21 жасқа толмаған тұлғаларға микронесие беруді шектеу мақсатында енгізілетіні жазылған.
“Жоба 21 жасқа толмаған адамдарға микрокредит беруді шектеу мақсатында, сондай-ақ осындай қарыз алушыларды қорғау мақсатында дайындалды. Сонымен қатар, жобада тұтынушылық несиелеуде тәуекелдердің өсуіне жол бермеу мақсатында борыштық жүктеме коэффициентін есептеуге қойылатын талаптарды қатаңдату көзделген”, – делінген мәтінде.