Бедеулікпен күресіп жатқан қазақстандықтар саны жеткілікті. Бірақ та ол мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан қойылған арнайы талаптарға сай келу керек еді. Ал бұл өз кезегінде белгілі қиындықтарға соқтырып жатты. Енді мемлекеттік квотаға ілінбеген отбасыларда балалы болу мүмкіндігі пайда болды, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Бірақ әлемде балаға мұқтаж жандарға сәби сыйлайтын мүмкіндік көп. Экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ), бала асырап алу, суррогат ананың көмегіне жүгінуге болады. Елімізде ЭКҰ жасатқан мыңдаған отбасы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Осы орайда экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артты. Осылайша, мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие бола алады. Ал барлық шығын мемлекет есебінен төленеді.
Бұл мүмкіндікті Орта Азия бойынша біздің мемлекет қана беріп отыр. Елімізде «бедеулік» диагнозы қойылған 14 мыңнан астам әйел мен 100-ден аса ер адам бар. Олардың кейбіреулері қосалқы технологияларға мұқтаж.
Бағдарламаға өтініш берушілерге қойылатын талаптар аз емес. Соның ішінде репродуктивті жасы – 18-ден 49 жас аралығында және фолликулярлық резерві жоғары болуы шарт.
Алайда мамандар үміткерді медициналық тексерістен өткізгеннен кейін одан экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы да мүмкін. Мұндай шешім үміткерден төмендегі белгілер табылған жағдайда болады. Атап айтсақ, жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері және онкология.
Жалпы, 2022 жылдың аяғында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 6,5 мың әйелге көмек көрсетілген. Нәтижесінде, 2 650 отбасында 3 110 сәби дүние есігін ашты.