Студент болып жүріп, жеке кәсіппен айналысу – икемділік пе әлде қажеттілік пе? Бүгінде жас та болса, кәсіпке бет бұрып, өз арбасын өзі сүйреп жүрген жастардың көп болғаны көңіл қуантады. Осы орайда kazbusiness.kz ақпарат агенттігі жас кәсіпкерлермен әңгімелесті. Басты фокус: кәсіпкер 24 жасқа дейін болуы тиіс. Сондай-ақ біз оған 12 сұрақ қойып, қатарларына бағытталған 2 кеңесін ұсынамыз. Ендеше білім алу мен жұмысты ұштастырып, белсенді жүретін кәсіпкердің бірі – Манарбек Жеткербаев.
Kazbusiness.kz анықтамасы:
- Манарбек Жеткербаев Алматы облысы Қаскелең қаласының тұрғыны;
- Керімбеков атындағы мектептің 2022 жылғы түлегі;
- Жасы он сегізде;
- Қаскелең қаласы, Абылай хан көшесі 82 мекенжайында жаңадан ашылған Jetman дүкенінің иесі.
Kazbusiness.kz: Манарбек, “Jetman” идеясы қалай келді? Ойыңызды қалай жүзеге асырдыңыз?
Манарбек: Jetman бизнес-идеясы дейсіз бе? JETMAN дүкенін ашқанға дейін базарда “бутик” болатын. Негізі сол базарда жұмыс істеп жүрген уақытта киімге деген қызығушылығым оянды. Бір киімді басқасымен үйлестіру, сапасы, түр-түсі дегендей. Өзімнің жеке брендімді қалыптастырғым келді.
Сол жерде жұмыс істеп жүріп, 2022 жылдың желтоқсан айында дүкен ретінде ашылдық. Бір жағынан жастардың көпшілігі базар, барахолка десе ат тонын ала қашады ғой. Көбінесе үлкен сауда орындарына барып киінгенді құп көреді. Сол себепті біз де дамуға бел будық.
Kazbusiness.kz: Жеке дүкен ретінде ашылғаннан кейін тауар өтпей қояды, кәсіп алға жылжымайды деген қорқыныш болды ма?
Манарбек: Өзің жеке кәсіп бастап отырғаннан кейін қорқыныш болары заңды. Мен де ондай қорқыныш болды. Алайда қорқыныштан бұрын өзіме деген сенімділік болды. Өйткені саудадан тәжірибем бар. Тәуекел етпеген адам жеңіске жетпейді деп өзімді жігерлендірумен болдым. Одан бөлек базардағы нүктемізден білетін тұтынушыларымыз болды. Алдын ала ескертіп, хабарладық. Осылайша тәуекел деп бастап кеттік.
Kazbusiness.kz: Айдентика жағына келсек, неліктен Jetman?
Манарбек: Бұл жерде дүкеннің атауын, логосын да өзім шығарып, өзім жасадым. JETMAN деген ағылшынша ешқандай мағына бермейді. Менің аты-жөнім – Жеткербаев Манарбек. Өзімнің жеке кәсібім, брендім ретінде ойладым. Осылайша JETMAN-дағы “Jet” ол тегімнің бастапқы үш әрпі. Ал “Man” есімімдегі үш әріп. Бір жағынан “Мan” ағылшын тілінен аударғанда ер дегенді білдіреді. Дүкеніміз де ерлер киімін саудалайды. Барлығын таразылай келе атауын осылай қалдыруды ұйғардық. Логотип қарапайым. Ешқандай ою-өрнек, сызыкша ұнамаған соң осылай қойдым.
Kazbusiness.kz: «Аудиторияның назарын ұстай алмасаң, кәсібің дамымайды», – деп М.Сейсембай бір сұхбатында айтты. Осы орайда аудиториямен қалай жұмыс істейсің? Әлеуметтік желіні жүргізу арқылы сұраныс артты ма?
Манарбек: Шынтуайтына келгенде: осы екі ай ішінде Jetman-ның үш Instagram парақшасын аштым. Бірінші парақшаның аты Jetman.kz болатын.
Дүкеннің ресми ашылуында, бірінші сәуір күні блогерларды шақырып, концерт жасадық. Ауызашар ұйымдастырдық. Сол кезде охват жағы да көтеріліп, 5000-нан аса оқырман жиналды. Қазір ол парақшамыз жоқ. Инстаграм желісі өшіріп тастады. Себебін анықтағанымызда көп адамның парақшаға шағымданғанын білдік.
Екінші парақша Jetman.we болды. Парақшада сауда жасаған адамдардың арасында Умраға жолдама ойнаттым. Ниетім – бес бармақты ауызға салмай, халықпен табысымды бөлісу еді. Осылайша көпшіліктің намазға, Меккеге деген ықыластарын ояттық. Жолдаманы ойнатар күні еліміздің белгілі ғалымдары, ұстаздары келді. Халықты жинағанның арқасында бір сағат ішінде парақшаға 600-ге жуық оқырман жазылды. Қызығы бұл парақша да бұғатталды. Себебі сол, парақшаға көп адам шағым түсірген.
Көре алмайтындар жетеді ғой. Негізі алдыңғы парақшаларымда табыс жақсы еді. Басқа қалаларға тапсырыс беріп жүрген. Тек Instagram арқылы бір күнде 20-50 мың көретінмін. Таргет та істемедім.
Kazbusiness.kz: Шығынды азайтып, толығымен онлайн дүкенге ауысуды ойламадың ба?
Манарбек: Жоқ, онлайн саудаға ауысатын ой жоқ. Өйткені тұтынушының басым бөлігі киімді таңдап, қолмен ұстап, киіп-өлшеп алғысы келеді. Бір жағынан тұтынушыларымыздың арасында жастардан бөлек, үлкен кісілер де бар.
Kazbusiness.kz: Салық есебін өзіңіз жүргізесің бе? Көбі салықты толық түсінбегендіктен, кәсіп ашудан қорқып жатады.
Манарбек: Жоқ, өзім жүргізбеймін. Бірақ жүргізу өте оңай. Оны жай ғана қарастыру керек.
Kazbusiness.kz: Алдағы уақытқа жоспарың? Басқа қаладан ашу жағы ше…
Манарбек: Әрине, жоспарымыз көп. Кеңейту, басқа қалалардан ашу да жоспарда. Алматы қаласындағы Aport секілді сауда дүкендерден ашу ойда бар.
Kazbusiness.kz: Jetman-ның сапасы бірден көзге түсті. Тігістеріне дейін ұқыптылығы байқалады. Киімді қайдан аласың?
Манарбек: Басым бөлігі – Түркияныкі. Егер дүкендегі киім ассортименті толық қарастырсақ: 60 пайызы – Түркия, 40 пайызы – Қытай. Неге Қытай деген сұрақ туындауы мүмкін. Өйткені мен көбіне аяқ киімді Қытайдан аламын. Қытайдың былғарысына, сапасына сенемін. Киімдерді қарайтын болсақ, жазға киетін Қытай футболкаларының сапасы өте жақсы. Сондықтан дүкенге 40 пайыз Қытайдың тауарын кіргізіп қойдым.
Kazbusiness.kz: Байқағаным, Jetman трендтен қалыспайды. Стилист бар-ау шамасы…
Манарбек: Стиль жағынан бәрін өзім реттеп отырамын. Брендіміздің стилисі де, моделі де өзіммін (күлді). Модель ретінде өзім фотоға түсетінімді Instagram-дағы парақшамыздан байқауға болады. Негізгі жұмысым, басты акцент бизнесте болған соң, көңілдің бәрі киімге кетеді. Тауардың барлығын өзім таңдап, өзім реттеймін. Сапа басты орында.
Kazbusiness.kz: Бәсекелес дүкендер жайлы ойың, бәсекелестермен қалай күресесің?
Манарбек: Олармен күреспеймін. Тіпті назар аудармаймын. Өйткені Исламда мынандай нәрсе бар. Егер сен бір кәсіппен айналыссаң, бәсекелес адамыңды көре алмайтың болсаң, Алла тағала саған беретін ризықты басқаға жібереді. Сондықтан көреалмаушылық дегенмен күресу миымда мүлдем жоқ. Ондайға қызықпаймын да. Былай қарасаң, Jetman-нан басқа дүкендер көп қой. Оларға мүлдем қарамаймын.
Kazbusiness.kz: Кәсіппен айналысқаннан кейін өмірге көзқарасың өзгерді ме?
Манарбек: Бизнес болғаннан кейін өмірге деген көзқарас өзгереді. Ойлау қабілетің дамиды. Жаңалықтардан қалыспай, келесі трендке не шығатынын өзің болжап отырасың. Мемлекеттік қызметте 8 -10 сағат жұмыс істесең, өзіңнің ісіңде 16 сағаттан көп жұмыс істейсің. 24сағат басың ойдан босамайды. Бұл формада жүруге үлкен көмек, үнемі әрекет ете берген адам жалқаулануға ынтасы да болмай қалады.
Kazbusiness.kz: Бос уақытыңда немен айналысасың? Қалай демалғанды ұнатасың?
Манарбек: Бос уақытымда бизнесте жүрген достарыммен, ағаларыммен сөйлесемін. Адамды адам еткен еңбек дейді ғой. Қаржылық сауаттылықты арттыру туралы кітаптарды жиі оқимын. Ал, мотивация деген дүние біреуден не бірнәрседен алынбайды. Жәй ғана еңбек ету керек, еңбек ету керек. «Алма піс, аузыма түс» деп жатқаннан ештеңе өнбейтінін түсіну керек.
Kazbusiness.kz: Ісіңе тек сәттілік. Саудаң жүре берсін. Енді кәсіпкер ретінде қатарластарыңа екі кеңесіңмен бөліссең.
Манарбек: Қазіргі жастардың көбі жұмыс істегісі келмейді, ерінеді, қиналғысы келмейді. Олай ақшаға қызығады. Айтар кеңесім: қандай жұмыс болсын жақсылап жұмыс істеп, алға мақсат қою керек, талпынып, әрекет ету керек және Аллаға дұға етіп, соған жету керек.