Қазақстандықтар автокөлік несиесін төлеп біткеннен кейін оны кепілдіктен алып тастауы керек. Алайда енді ол үшін құзырлы мекемелерге барудың қажеті жоқ, себебі барлық үдеріс онлайн режимге ауысқан. ІІМ бүгінде онлайн түрде автокөлікті кепілдіктен алу бойынша қызметті қанша азамат пайдаланғаны туралы айтты, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Көп жағдайда қазақстандық үшін автокөлікті сатып алу қиынға соғады. Әдетте мұндай тұрғындар банктік несиеге жүгінеді. Несие сатып алынған автокөлікті кепілге қою арқылы беріледі. Бұл ереже бүгінде Қазақстанда іске қосылған жеңілдетілген автонесие бағдарламасына да қатысты.
Бұл қызмет екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында бар. Онлайн-сервис іске қосылғаннан бастап оны 90 мыңға жуық автокөлік иесі пайдаланып үлгерген.
Министрліктің сөзінше, автокөлікті несиеге сатып алу кезінде азаматтарға сатып алынатын автокөлікті кепілдікке қою қажет. Бұрын автокөлікті кепілдікке қою үшін облыс орталығына барып, полицияда кепілдік туралы шартының бірнеше данасын тапсырып, кейін оларды банкке қайта апару керек болатын.
Бұл үдеріс 3-4 күнге дейін созылып, автокөлік иесі үшін қолайсыз болатын. Ал азамат несиені толық өтеген жағдайда автокөлікті кепілдіктен алу үшін несиенің толық өтелгені туралы жазбаша растау қағазын банктен алып, кейін оны полицияға тапсыруға тиіс болатын.
Аталмыш үдерісті жеңілдету үшін ІІМ кепілдікті тіркеу қызметін онлайн-режимге ауыстырды. Бұгінде азамат тек банктің қосымшасында авторизациядан өтіп, құжаттарға цифрлық қолтаңбамен қол қоюға тиіс. Кейін автокөліктің кепілдігі ІІМ деректер базасында автоматты түрде тіркеледі.
Осылайша азаматтар полиция мен банктерге бармай-ақ, кепілдікті 5 минуттың ішінде тіркеп немесе тіркеуден алып тастай алады. Ал кепілдік шарты және оны тіркеу туралы куәліктің электрондық көшірмелері автокөлік иесінің смартфонында қолжетімді.