Қазақстанда соңғы жылдары жеке кәсібін ашып, өз бизнесін дөңгелетіп отырғысы келетін адамдардың қарасы көбейіп келеді. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге кәсіпкерлердің жаңа толқыны керек екенін айтқан болатын. Дегенмен, адамдардың бір тобы салық пен құжат жұмыстарынан жүрексінсе, енді бір тобы бастапқы капиталдың жоқтығын сылтауратып өз кәсібін ашуды кейінге қалдырып жүре береді. Осы орайда, біз көп жылдық тәжірибесі бар казбизнестік кәсіпкерлерден бизнес бастауға қажет талаптар туралы пікірлерін сұрап көрдік, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Серік Дәулетов, кәсіпкер-инвестор, «Kazbusiness club» мүшесі:
– Мен «Muslim shop» онлайн дүкені, «Rolex Kazakhstan» компаниясының негізін салушымын. Одан бөлек жылжымайтын мүлік саласымен айналысамын, сондай-ақ бірнеше салаға инвестормын. Мен мектеп кезінде-ақ сауда саттықпен айналысқанмын. Қазір мамандығым заңгер болса да осы кәсіпкерлік салада жүрмін.
Кейбір бизнес-коучтар «ақшасыз бизнес бастауды үйретемін» деп айтып жатады. Бұл ұғыммен мен келісе бермеймін. Әрине, біреудің жолы болып кетуі мүмкін, бірақ екінші біреуге ондай ереже жүрмейді. Сондықтан бұл сөздерді жалпыға айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ал өз басым кәсіп бастағысы келіп жүрген жас қыз-жігіттерге тәжірибелі кәсіпкерлерге не инвесторларға көмекші болып баруға кеңес беремін. Себебі менің де көмекшілерім бар, олар менің жүрген жолдарымды жүріп өтпейді. Олар бірден салынған жолмен іс жүзінде жұмыс істей алады. Табысты кәсіпкердің қасында жүріп, одан кәсіпкерлік істің қыр-сырын үйреніп, өзінің де жақсы бизнесменге айналу өте ықтималдығы жоғары. Себебі кәсіпкердің көмекшісі болсаң, сен оның командасында боласың, сондай-ақ оның ақшасын, білімін, байланыстарын қолдана аласың. Меніңше, бұл кәсіп бастаудың ең ұтымды жолы.
Берік Омарбеков, «Print lamp» ЖШС директорының орынбасары, «Kazbusiness club» мүшесі:
– Менің кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніме 10 жылдан астам уақыт болды. Кәсіпті енді бастағасы келетін адамдарға ақшаны дұрыс пайдалануға кеңес берер едім. Аз қаражат болса да, көп болса да оны дұрыс жұмсай білу керек. Өйткені кей кәсіпкерлер жақсы қаражат табады да, бірақ одан да көп ақша құртады. Ал кей адамдардың алғашқы кезде табысы көп болмауы мүмкін. Дегенмен оның бір бөлігін үнемдеу арқылы бірнеше жылдан кейін керекті капиталы жиналады. Сосын жинаған ақшасымен бизнес бастауға болады. Сондықтан кәсіп бастағысы келетін адамдар ең алдымен қаржылай сауаттылығын арттыруы қажет.
Инна Тюкова, «Atomy» бөлімінің басшысы, «Kazbusiness club» мүшесі:
– Мен экобизнеспен айналысамын. Кәсіпкерлік салаға 2020 жылы келдім, оған дейін стюардесса болғанмын. Жұмыс уақытындағы еркіндікті қаладым және қаржылай тәуелсіз бола тұра отбасыммен көбірек уақыт өткізгім келді. Сондықтан жалдамалы жұмысты тастап, жеке кәсіп ашуға бел будым.
Шағын бизнес бастау үшін үлкен капиталдың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен өз кәсібімді декреттік демалыс кезінде 10 мың теңгеден бастадым. Меніңше, кәсіп бастау үшін адамда бастысы талап болуы қажет, өзінің идеясына сенуі қажет. Ішкі қорқынышты жеңіп, әрекет ету керек. Сонымен қатар сырттағы адамдардың теріс пікілерін тыңдамаған жөн. Егер өз ісіңе сенсең, оны мақсатыңа қарай қадам жаса! Сосын кәсіпкерлік істі заңды жүргізу керек деп ойлаймын. Қазір ИП (жеке кәсіпкерлік) құжатын алу қиындық тудырмайды. ИП ашуға небәрі 3 минут уақытыңыз кетеді. Сондықтан менің айтарым: кәсіп бастаудың ең дұрысы уақыты – бүгін.
Әмірхан Атакузиев, «Manaroses» негізін салушы, «Kazbusiness club» мүшесі:
– Мен әйеліммен бірге гүл бизнесімен айналысамын, ол менің бизнес-серіктесім. Одан бөлек, өзім фотографпын, студиямыз бар. Жалпы кәсіпкерлікпен 2015 жылдан бері айналысып келемін, биыл 9 жылдай болып қалды.
Кәсіп бастауға ниеттеніп жүрген адамдарға ештеңеден қорықпауға кеңес беремін. Ойыңдағы идеяны іске асыру үшін жұмыс істеп, қателіктермен тәжірибе жинаған жөн. Сондай-ақ бизнес ашқың келетін саладағы мықты кәсіпкерлерден кеңес алған дұрыс болады. Мен өзім гүл кәсібін ашар алдында «Royal flowers» негізін қалаған Әділ Тасболатовтан көп тәжірибе алдым, одан жарнама жүргізуді, басқа да мүмкіндіктерді үйрендім. Ал бастапқы капиталға келсек, мен фотосессияны сыйлыққа алған фотоаппараттан бастадым. Онымен суретке түсіруді youtube-тан қарап, оның негізін үйренген соң, ары қарай алып кеттім. Негізі бизнес бастағысы келетін адамдарға тым алысқа не үлкен бизнеске қарамауға кеңес беремін. Қазір 100-200 мыңды әр адам жұмыста табады, сол қаражат алғашқы кәсіпке жеткілікті деп ойлаймын. Сосын несие алу жағынан да абай болған жөн. Егер бизнес-идеяға 100 пайыз сенімді болсаңыз, әрине кредит алуға болады. Дегенмен ондай сенімділік болмаса, бар капиталдан, кішігірімнен бастаған дұрыс.
Сондай-ақ отбасылық бизнес туралы айтсақ, мұндай жағдайда сен тек плюста боласың. Капитал ортақ болады. Оны мен де, әйелім де пайдаланады. Бизнестегі ақшаға байланысты бір-бірімізге есеп береміз. Осы орайда, бір айтарым – отбасылық мәселе мен бизнес қосуға болмайды. Үйдегі сұрақ ол үйде, ал бизнестегі мәселе ол тек бизнесте.
Юлия Жерновых, «Serebrofamily» негізін салушы, «Kazbusiness club» мүшесі:
– Менің сауда саласында жүргеніме 15 жылдай болды. Бірақ жеке жобаммен жақында айналыса бастадым. Меніңше, кәсіп бастаудың ең басты талабы – капитал емес. Бастысы, ұтқыр идея мен білім. Кәсіп бастаймын деген адам өзіне қажетті ақпаратты қайтадан таба алатынын білуі керек. Қазіргі уақытта ең құнды капитал ол – білім мен ақпарат.
Көп адамдар салық мәселесінен, құжаттармен істеуден қорқады. Бірақ қазір, айтып өткенімдей қажетті ақпаратты таба алсаң, оның бәрін тез үйреніп алуға болады. Тек өзіңді дұрыс жолға сала алсаң болғаны. Мемлекеттік мекемелер, басқа да кәсіпкерлік қазіргі кезде қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын деп айта аламын. Әрине, шағын бизнеске қолдау көбірек болғанын қалаймыз, бірақ 5 жыл бұрынғыға қарағанда қазір жағдай жақсарып келеді. Мемлекет шағын және орта бизнеске көзқарасын өзгертіп, қазір кәсіпкерлерге жан-жақты көмектесе бастады.
Диана Сәкен, «Ds.beauty» басшысы, «Kazbusiness club» мүшесі:
– Мен 10 жылдан астам сұлулық саласында жұмыс істеп келемін. Кәсіпкермін әрі өзім де мастермін. Осы уақыт аралығында 300-ге жуық адамды оқыттым. Олардың басым бөлігі Қарасай ауданында, бірақ өзге қалада жұмыс істейтіндері де бар.
Жаңадан кәсіп бастайын деп жүрген адамдар көбіне белгілі бір шекарадан шығуға қорқады және “ісім жүрмей қала ма” деп уайымдайды. Менің айтарым – тырысып көре беріңіз, бизнес бастау ешқашан кеш емес. Өзіңіз бизнеске қадам басып, тәжірибе алыңыз. “Екі рет құлсаң, үш рет тұр” деп айтады ғой. Адамдар сол тәжірибе үшін үлкен ақша төлеп жатады. Мен өз кәсібімді 20 мың теңдеген бастадым. Бірақ уақыт өте ол дамып кетті. Егер адам бірнәрсені қалайтын болса, міндетті түрде оған жетеді. Ең маңыздысы, бірінші қадамды жасау. Алғашқы қадам жасалды ма, онда жай болсын, жылдам болсын – сіз мақсатыңызға жетесіз!