2023 жылы 1 шілдеден бастап 4 күндік жұмыс аптасы туралы Еңбек Кодексіне тиісті өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникация қызметі алаңында брифингінде Алматы қаласы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы, Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Еркінбек Әмірғалиев 4 күндік жұмыс аптасының артықшылықтары туралы айтты.
Төрт күндік жұмыс аптасын жұмыс беруші мен қызметкерлердің келісімі бойынша еңбек шартында белгіленеді.
“Атап айтсақ, барлық жұмыс берушілер мен қызметкерлер автоматты түрде төрт күндік жұмыс аптасына ауысады деген сөз емес, өйткені ауысу үшін тараптар, яғни жұмыс беруші мен қызметкер осы келісімге келіп, оны еңбек шартында рәсімдеуі қажет”, – деді спикер.
Спикердің айтуынша, бұл түзетудің отбасы институтын нығайтуға және мемлекеттік ортақ жауапкершілікті, жұмыс беруші мен қызметкерлердің, қоғам мүшелерінің жеке денсаулығын нығайтуға бағытталған көптеген артықшылықтары бар.
“Төрт күндік жұмыс аптасы Франция, Исландия, Испания сияқты елдердің заңнамасында қарастырылған. Кейбір елдерде мұндай түзетулердің тиімділігі әлеуметтік эксперименттер жүргізу арқылы дәлелденді, бұл еңбек өнімділігінің нашарламай, керісінше жоғарылағанын көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгерістер күйзелістің алдын алады. Өзгерістерді енгізген елдердің тәжірибесі көрсеткендей, қызметкерлер ауруханаға сирек барып және жалпы жұмыстан сұрану азайған”, – деді Е.Әмірғалиев.
Сонымен қатар, кәсіпорындар жұмыс көлемі азайған кезеңде төрт күндік жұмыс аптасын бекітіп, одан кейін өндірістік қажеттілік туындаған жағдайда алты күндік жұмыс аптасына ауыса алады. Төрт күндік жұмыс аптасын белгілеу кезінде кәсіпорындар электр қуаты мен кеңсе шығындарын да үнемдей алады.
“Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға және күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспауы тиіс. Сондай – ақ, жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде – қосымша жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан және жылына жүз жиырма сағаттан аспауы қажет” – деп кеңінен түсіндірді спикер.
Бес күндік, алты күндік немесе төрт күндік жұмыс аптасында жалпы демалыс күні жексенбі болып табылады. Бес күндік және төрт күндік жұмыс аптасындағы екінші немесе үшінші демалыс күні ұжымдық шартта немесе еңбек тәртібінің ережелерінде ғана белгіленеді.
Сонымен бірге, жұмыс берушілер еңбек инспекциясын осындай форматқа көшу туралы хабардар етуге міндетті емес және тиісінше инспекцияда 4 күндік жұмыс аптасына ауысқан ұйымдардың саны туралы ақпарат берілмейді.