Елде құмар ойынға тәуелділік мәселесі өте өткір мәселеге айналып барады. Мәжіліс депутаты Руслан Берденов айтуынша, жылына миллионға жуық азамат құмар ойындардан зардап шегеді.
Respublicа партиясының өкілдерінің айтуынша, Бас прокуратураның деректері бойынша 2022 жылы 20% немесе 31 мың қылмыстық құқық бұзушылық құмар ойындарға қатысты болған. Осы кезеңде 3676 суицид тіркелген, оның әрбір бесінші оқиғасы құмар ойындарға қатысты.
«Маған қаза тапқан ҰҚК курсантымен бірге оқыған курсант хат жазды. Оның айтуынша, лудоманға айналғандар өте көп. Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органда да лудоманияға бейім адамдар бар», – деді депутат.
Мәжілісмен лудоманияға бейімділік жас таңдамайтынын атап өтті.
«Лудомания мен құмар ойындарды емдеуге 1 триллион теңгеден астам қаражат қажет, өйткені іс жүзінде елімізде миллионнан астам адам осы аурудан зардап шегеді. Емдеу кем дегенде алты айға созылады, бірақ біздің азаматтарымыздың толық емделуіне кепілдік жоқ», – деді Берденов.
Депутаттар букмекерлік кеңселердің қызметіне тыйым салуды ұсынып отыр.
«Егер біз бұл бизнесті тоқтататын болсақ, онда біз кедейленбейміз керісінше плюсте боламыз. Бұл ар-намыс мәселесі», – деді Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.
Еске салайық, 2021 жылы букмекерлік кеңселер арнайы ойын аймақтарына көшірілді. Алайда Қазақстанда онлайн бәс тігудің танымалдығы артты.
2022 жылы Қазақстандағы құмар ойындар нарығы 8,5 есе өсім көрсетті. Қаңтар-қыркүйек аралығында казино, букмекерлік кеңселер және басқа да осыған ұқсас компаниялар көрсеткен қызметтердің көлемі 456,4 млрд теңгеге жетті.
ЛУДОМАНИЯДАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ
Лудомания, яғни ойынқұмарлық – қоғамды құлдыратып, отбасылардың шырқын бұзып, елдің берекетін кетіретін зиянды әдет.
ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы Хасан Аманқұлдың айтуынша, ойынқұмар адамды жөнге салудың шариғи жолы бар екен.
«Адам баласы құмар ойынға беріліп кетпеуі үшін және соның орны толмас қасіретіне ұшырап қалмас үшін өзінің ерік-жігері мықты болуы керек. Өзінің әрекетінің дұрыс емес екенін түсініп, ауыр күнә арқалайтынына көз жеткізсе, бұл істі біржола тастайды. Пендені түрлі жамандықтан алдымен өзі ғана құтқара алады. Бұған шамасы келмегендерге елімізде қайырымдылық мекемелері, қарилар дайындайтын орталықтар бар, соларға баруға кеңес берер едім. Өйткені ол жерде бір-екі ай емес, бірнеше жыл жатып оқыса, сондай-ақ құмар ойынды есіне салатын түрлі нәрседен тыйып, телефонға жолатпай, бақылауда ұстаса, бірте-бірте бойы үйреніп, кейін өз-өзін басқаруға шамасы келе бастайды. Бірақ мұны қысқа мерзімде шектеп тастамай, қажет болса, бірнеше жыл жалғастыра беру керек.
Үшіншіден, туыстары, достарының қолдауы, көмегі қажет. Төртіншіден, мемлекет, қоғам болып бұл зиянды әрекетке қарсы тұра алуымыз қажет. Мәселен құмар ойынға қызығатындардың көбейгені себепті несие беру жолдары жеңілдетіліп, талай адам банкке, басқаға қарыз болып, ата-анасын зар қақсатып отырғаны жасырын емес. Маңайында қарызға ақша беретін адам қалмаған соң банкке жүгінетіні белгілі. Сондықтан несие беру жолдарын қиындату керек. Бұл да болса құмар ойыншылардың көбейіп кетпей, керісінше азаюына себеп болар еді», – деді Хасан Аманқұл.
Сондай-ақ ойынқұмарлықты алдын алу және оның салдары туралы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Ринат Мұзафаров айтты.
Маманның айтуынша, орта есеппен 10-ға жуық адам ойынға тәуелділік диагнозымен есепте тұрады. Мәліметтерге сәйкес, ауыр, созылмалы, жиі асқынған көріністері бар адамдар тіркеуге жатады. Бұл ретте адам орталыққа өзі жүгінетін болса, тіркеусіз де көмек көрсетіледі.
«Егер адам жай ғана ойнайтын болса, оны тіркей алмаймыз. Тіркеу үшін ол соған тәуелді болу керек. Сондай-ақ оны есепке алу үшін жағымсыз салдар қажет. Егер адам өтініш білдірсе, біз көмектесе аламыз. Бірақ әдеттегі стигма бойынша адамдар бұл бағытта көмек алу үшін мемлекеттік ұйымдарға жүгінуге дайын емес. Бізде бұл көмекті алу үшін қажеттінің бәрі дайын, инфрақұрылым мен арнайы мамандарымыз бар, – деді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы.
Оның айтуынша, тәуелділіктің химиялық және химиялық емес болып екіге бөлінеді. Біріншісіне алкоголизм, нашақорлық, таксикомания кірсе, құмар ойындар екінші санатқа жатады.
«Лудоманияны емдеу қиын, оны диагностикалау жеңіл. Мұның бәрі адамның қанша уақыт жұмсайтынына байланысты. Әдетте адамның өзі бастапқыда өзінің тәуелділігін білмейді. Құмар ойындарға бейімділік бұл адамның басында белгілі бір пайда тапқысы келетіндігімен байланысты. Содан кейін ол оған эмоционалды түрде араласады және белгілі бір өзгерістер орын алып, бұл процеске көбірек қатысады. Әдетте, құмар ойын ойнаған адам әлеуметтік тұрғыдан толық бейімделмейінше, туыстары да, достары да дабыл қағады», – деді ол.
Research and Markets есебіне сәйкес, әлемдік букмекерлер нарығы 2024 жылға қарай 155 миллиард доллардан асады деп күтілуде. Бұл өсім онлайн ставкалардың дамуымен және мобильді құрылғылар арқылы бәс тігу қызметтерінің қолжетімділігінің кеңеюімен байланысты.
Сонымен қатар Transparency Market Research есебінде букмекерлік кеңселер нарығы 2021 және 2031 жылдар аралығында айтарлықтай жылдық қарқынмен өседі деп болжайды. Спорттық іс-шаралар санының артуы, онлайн құмар ойындардың өсуі және мобильді платформалардың дамуы сияқты факторлардың әсері нарықтың өсуіне оң әсер етеді.