Егер де сіз Қарасай немесе Жамбыл аудандарында тұрсаңыз және әсерлі, әрі танымдық саяхат үшін міндетті түрде шақырымдап жол жүріп, басқа өңірге сапар шегу керек деп ойласаңыз, қателесесіз. Осы мақала арқылы kazbusiness.kz порталы жақын жердегі тарихи орындардың сырын ашып бермек. Қызық па? Ендеше, соңына дейін оқыңыз.
Бірінші кезекте Ваня атаның бекінісі. Иван Плотников бала кезінен тарихи фильмдердегі рыцарьлар тұрған бекіністі салғысы келген. Балалық арманды 1983 жылы жүзеге асыра бастады. Бекіністі Ақсай шатқалындағы өзеннің бойында тұрғызуды жөн көрді. Өкінішке қарай, құрылыс құрылыс 2015 жылы Ваня атаның денсаулығымен байланысты тоқтап қалды. Соның өзінде бұндай әсем табиғатпен үйлесімде тұрған бекініс келген қонақты тәнті етеді. Әсіресе, қабырғаларының үлкен тастардан салынуы адамдарды таңғалдырады. Иван Плотниковтың айтуынша, бұндай құрылысқа 80 тонна цемент пен 1500 тонна тас пайдаланды. Ерекше архитектурамен танысу ұзақ жолды талап етпейді. Қаскелеңнің жоғарғы трассасымен Тау Жолы ауылына жүріп, жоғары көтерілсеңіз болды.
Келесі кезекте Қаскелең шатқалынан жоғары орналасқан Казак көлдері. Қаскелеңде тұратындардың көбі тек бергі жағындағы табиғатпен таныс екен. Биік нүктесінде мұздықтардан пайда болған көлдер жайлы біле бермейді. Сондықтан да барар жолда Үлкен Алматы Көліндегідей жолшыбайды кездестіруіңіз екіталай. Бірінші Казак көлі 2800 метр, ал екіншісі 3200 метр биіктікте. Жоғары ұзақ көтерілу керектігінен, табиғат сізден жақсы дайындықты қажет етеді. Егер аяғына дейін шықсаңыз, еш өкінбейтініңізге сенімдіміз. Бастысы, өзіңізбен жылы киім мен тамақ алуды ұмытпаңыз.
Табанды жаяу жүргіншілерді қызықтыратын үшінші локациямыз – Фабричный маңындағы сарқырама. Бұл сарқыраманың барын жергілікті тұрғындар ғана біледі. Оның өзінде баратын жолды құпия түрінде сақтайды. Жардан қарқынды ағатын сарқырама көзіңізді әсем бейнеге тойдырады. Басты жолдан қашықтығы 8-10 км. Сарқырамаға жету үшін қасыңызға гид-көмекшіні алуыңыз. Ал егер де барған болсаңыз, құпия жолмен бөлісуіңізді сұраймыз.
Жанғали Батырхан