Мәжілісмен Ермұрат Бәпи бас прокурорға депутаттық сауал жолдап, Назарбаевтың туыстары алған ақшаны қайтаруды талап етті, деп хабарлайды kazbusiness.kz Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, мәжіліске түскен заңсыз капиталды шетелден қайтару туралы заңның шикі тұсы көп. Дегенмен клептократтар 30 жыл бойы талан-таражға салған халық байлығын елге қайтару керек. Оның көлемі шамамен 150 млрд долларды құрап отыр.
“Ал енді осы қаржыны қайтаруға бірінші кезекте міндетті органдар заң қабылданған соң іске кірісеміз деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Елден жылысталған активтерге тықыр таянған сайын клептократтар оны түрлі схемалармен әлемнің түкпір-түкпіріне тығу үшін жанталасып жатыр”, – деді Бәпи мәжілістің бүгінгі отырысында.
Естеріңізге сала кетсек, мамырдың 23-де ҚР парламенті мәжілісінің қарауына «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты» бес заң жобасы келіп түсті. Бұл мәселеге қатысты ел ішінде тиісті заңдар әзірлеп, қабылдау жөнінде мемлекет басшысы былтыр, яғни 2022 жылы тапсырма берген болатын.
«Халық қазынасынан ұрланған, жырланған активтерді елге қайтаруға қатысты зарықтырған заң жобасы ақыр соңы мәжіліске келіп түсті. Әзірге көз жүгіртіп шыққанда, әрине, оның шикі тұстары аз емес. Бірақ, біз, депутаттар бұл заңды елде әділет орнатудың бір инструментарийі деңгейіне жеткізіп қабылдауымыз керек деп ойлаймын. Бұл күн тәртібінде тұрған өте маңызды мәселе», – деді депутат Ермұрат Бапи аталған заң жобалары тұрғысында.
Бас прокурорды «тиісті заңның қабылдауын күтпей, іске шұғыл кірісуге» шақырған мәжіліс депутаты, алдағы бес жылда клептократия тақырыбын «парламент партасынан» қайталай беретінін де жасырған жоқ.
Елден заңсыз шығарылған активтерге қатысты Ермұрат Бапидің бұл жолғы негізгі үш сауалы «Қазақстанның газын сыртқа сататын Tethys компаниясына» және Нұрали Әлиев пен Ғалымжан Есеновке қатысты өрбіді.
“Мәселен, сізге белгілі болуы мүмкін, бірақ қоғам үшін жаңа ақпарат айтайын, бас прокурор мырза, сіз Қазақстанның газын сыртқа сататын Tethys (Тетис) компаниясын білесіз бе? Білмесеңіз – әлемдік газ-трейд компанияларының регистріне көз жүгіртіңіз. “Тетистің” басты иелерінің бірі – Қайрат Шәріпбаевтың қызы. Ал ашық ақпараттың айтуы бойынша, Шәріпбаев – Дариға Назарбаеваға телініп жүрген күйеу екенін білесіз. Міне, осы “Тетис” фирмасы Қайрат Шәріпбаев басқарған мемлекеттік монополист “ҚазТрансГаз” ұлттық компаниясының газын сыртқа сатып келген. Қазір журналист-зерттеушілер соңғы сегіз жылда бұл фирма Қайрат Шәріпбаевтың бақылауындағы APL (АйПиЕл) Construction компаниясы арқылы Батыс банктеріне бірнеше миллиард доллар шығарғанын анықтады. Кейбір ашық ақпаратта 20 млрд доллар деген мәлімет айтылып жүр”, – деп атап өтті Бәпи.
“Екінші мысал айтайын. Мәселен, Швейцария өкіметі Ғалымжан Есеновтың есепшотында орасан зор ақша жатқанын анықтады. Есенов – Есімовтың күйеу баласы. Ал Ахметжан Есімов кімнің етжақыны екені бізге де, сізге де белгілі. Есепшот иесі бұл ақша өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмаған соң, швейцариялық тергеушілер Ғалымжан Есеновтың қаржылық қызметі туралы не білесіздер деп, Қазақстанның бас прокуратурасынан көмек сұрамай ма? Мына қызықты қараңыз: Сізге дейінгі бас прокурор швейцариялықтарға Ғалымжан Есенов “сүттен – ақ, судан – таза”, оған қатысты қозғалған іс жоқ депті. Анығында, сол кездегі президенттің бұйрығымен Есеновке қатысты іс тоқтатылған екен”, – деді Бәпи.
“Екінші сауал: осы Есенов мырза Jusan bank-тің бір иегері ретінде тұтастай бір банкті тегі – Бангладеш, азаматтығы – америкалық Рон Вахид деген күдікті операциялардың шеберіне басы бүтін беруге әрекет жасап жатыр. Сіз құзырлы лауазым иесі ретінде осы алаяқтыққа қарсы қандай қимыл жасамақ ойыңыз бар?”- деп сұрады депутаты.
“Баланстық құны 250 миллиард теңге тұратын, жылдық түсімі 80-90 миллиард теңгені құрайтын ұлттық меншік небәрі 18 миллиард теңгеге сатылды. Осы “Транстелеком” Нұрәлі Әлиевке әр жылдары жалпы көлемі 8 миллиардқа жуық дивидент төлеген. Енді осыншама заңсыз төленген ақшаны тезірек қайтару керек”, – деп түйіндеді Бәпи.
Аталған заң жобасы аясында бас прокуратура құрылымында заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі жеке департамент, сондай-ақ мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару жөніндегі арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құрылады деп пайымдалуда.