Райымбек ауданының тұрғыны Манасбек Сарыбаев – омарташы шаруашылығын ұрпақтан ұрпаққа дамытып, игілігін көріп отырған жан қатарынан. Бал кәсібін отбасылық кәсіпке айналдырғандарына 50 жылдан асты, деп жазады kazbusiness.kz тілшісі.
Омарташылық – Манасбек үшін атадан қалған мұрағат. Оның әкесі, Сарыбаев Сүгірбай, бұл кәсіпті 1971 жылы қолға алған. Өзінің баласы да отбасылық кәсіпті жалғастырмақ. Бос уақытында барынша көмектесіп, әкесінен тәжірибе жинауда.
“Әкем еліміз бойынша алғашқылар болып омарташылықпен айналысқан. 1971-1972 жылдары Қазақстанда бұл кәсіп енді өркендеп бастаған еді”, – дейді ол.
Шаруашылық Райымбек ауданына қарасты Қостөбе ауылында орналасқан. Ал өндіріс Түркістан облысында. Екі өңірде жұмыспен 10 адамды қамтып отыр.
Омарташының айтуынша, шамамен 150-дей ара бар. Жылына 6-7 тонна көлемінде бал өнімдерін өндіреді. Кәсіпкер Түркістан облысында 4 жыл қатарынан арамен емдеу саласында да жұмыстар атқарған екен. Апитерапия бойынша өндіріс ашып, қазіргі уақытта онда 12 түрлі емдік өнім шығарылады.
“Минералды, витаминге бай бал өнімдерімен 3 санаторийді қамтимыз. Онда балмен 7 түрлі емдеу процедуралары жасалады. Сонымен қатар, 2021 жылы Дубайға 3.5 тонна мөлшерінде бал өнімдерін өткізген болатынмын. Содан бері өнімдерім тұрақты негізде сұраныста. Ал Ресейге 10 мың флакон бал нектарын экспорттадық”, – дейді кәсіпкер.
Жыл сайын шаруашылығын дамытып отырған омарташы қазіргі таңда Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы көмегімен қысқа мерзімді кәсіп үйрету орталығын ашу алдында. Сонымен қатар, “Мен кәсіпкер” бағдарламасы бойынша ментор ретінде омарта ісіне 4-күндік оқытуға өтінім берген.
Омарташы 2007 жылы Қазақстанда «Омарта шаруашылығын дамыту және қолдау» қорын ашып, Алматы облысындағы бірнеше мектепте 5 жыл бойы тәжірибе де жүргізген екен. Алдымен табиғи балдың пайдасы мен шипасы жайында тренинг-дәрістер өткізіп, сосын әр оқушыға күн сайын мөлшерлеп бал жеуге кеңес берген. Соңында бұл тәжірибе жақсы нәтиже берген болатын. Омарташының айтуынша, бал баланың ақыл-ой қабілетін арттырады. Тәжірибеге қатысқан оқушылар да бұл сөздерді растады.
Кәсіпкер тіпті халықаралық «Апимондия» омарташылар қауымдастығының 2010 жылдан бері мүшесі болып табылады.
“Қазақстанда омарташылықты дамытуды қолға алсақ, 7-8 дәрмек түрін сырттан әкелмей, өзіміз өндірер едік. Сондай-ақ, Райымбек ауданында апитерапиямен емдеу орталықтарын ашатын болсақ, туризм саласына да әсері болар еді”, – деп болашаққа сенімін білдірді омарташы.