Каирде күрделі жөндеуден өткен Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешіті ашылды, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Дешті Қыпшақ даласынан шыққан даңқты билеуші, Мысыр ғана емес ислам дүниесінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға – Бейбарыс Сұлтанның туғанына 800 жыл толуына орайластырылған іс-шараға осы елде сапарда жүрген ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация қатысты.
Делегация құрамында ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, бір топ сенаторлар мен БАҚ өкілдері бар.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Бейбарыс сұлтанның есімі жаһан тарихына дана әрі әділ билеуші, ұлы қолбасшы ретінде алтын әріппен жазылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Бейбарыстың 800 жылдығы қазақ халқы мен мысырлықтар үшін мәні терең, маңызы зор оқиға екенін де айтты.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған іс-шараларға қатысушыларға өзінің жылы лебізін жолдады. Мемлекет басшысы бұл мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге баса мән беріп отыр. Мерейлі дата аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның бір бөлігі Мысыр жерінде өткізіліп жатыр. Жалпы, екі халықтың байланысы тереңнен тамыр тартады. Соның бір бастауында Мысыр шежіресіндегі мәмлүктер кезеңі тұрғаны белгілі. Оның ішінде Бейбарыс сұлтанның есімі ерекше аталады. Ол – мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен дараланған билеуші. Ұлы қолбасшы Мысырды басқарып тұрған кезінде мешіт, медреселер салдыруға, елдің рухани іліммен бірге ғылым-білімді де қатар игеруіне үлкен көңіл бөлді. Бүгін күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып отырған “Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс” мешіті Мысыр мен Қазақстан үшін ғана емес, ислам әлемі үшін де бірегей мәдени мұра екені анық. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру – әлемдік тарих пен мәдениет үшін маңызды оқиға», – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, мәмлүктер мемлекетінің негізін қалап, ұзақ жылдар Мысыр мен Шамды билеген Сұлтан әз-Захир Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын лайықты атап өту мақсатында биыл бірқатар ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Соның маңызды бір бөлігі Бейбарыстың тікелей шешімімен салынған тарихи нысанды жаңғырту. Кезінде діни, рухани орда ғана емес, білім мен ғылымның қайнар көзі болған бұл мешіт Каир қаласының ежелден қалған ескі атауы – «әз-Захир» деп аталатын ауданында орналасқан.