Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен босатылды. Осы қызметте ол 9 жыл отырған, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
“Мемлекет басшысының жарлығымен Даниал Кенжетайұлы Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымынан босатылды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, кеше Даниал Ахметов 69 жасқа толған туған күнін атап өтті.
Даниял Ахметовтың лауазымдық өкілеттігі бүгін аяқталды. Бұған дейін президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай бұл туралы мәлімдеген еді. Оның айтуынша, мемлекет басшысының былтырғы жарлығымен ШҚО әкімінің лауазымдық өкілеттігі 2023 жылдың 15 маусымын қоса алғанға дейін ұзартылған болатын.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Даниал Ахметов 1954 жылы 15 маусымда Павлодар қаласында дүниеге келген. Даниал Ахметов еңбек жолында әр жылдары Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарының әкімі, Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары және бірінші орынбасары, Қорғаныс министрі, Энергетика және инфрақұрылым министрі қызметтерін атқарған.
Ол 2003 жылдың маусымынан 2007 жылдың қаңтарына дейін Қазақстанның премьер-министрі болған.
Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысын 2014 жылғы 11 қарашадан бастап осы уақытқа дейін басқарды.
Осыған дейін белгілі болғандай, бүгін ШҚО-ның жаңа әкімін тағайындауға келісім беру үшін Шығыс Қазақстан облысы мәслихат депутаттарының жиыны өтеді.