Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығының қарызы 3,3 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңір бойынша алғашқы сапарын ең маңызды нысандардың бірі – «Риддер ЖЭО» АҚ жұмысымен танысудан бастады.
Онда жылу орталығының басшылығымен және жөндеу жұмысына тартылған мердігер ұйымдармен кеңес өткізді.
Әкімге ЖЭО-ны реконструкциялау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндалды.
Орталықтың жаңа бас директоры Игорь Михайленко 5 жыл бұрын осы ЖЭО-ны басқарған және оның ерекшеліктерін жақсы біледі.
«2018 жылы 5 қазандық, 4 турбина жұмыс істеді, 1 қазандық резервте тұрды және компанияның шотында 1 млрд теңге болды. Осыған дейінгі меншік иелері жылу орталығына тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізбей пайдаланып келген. Қазір ЖЭО қарызы 3,3 млрд теңгеге жетті», – дейді Игорь Михайленко.
Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр.
Ермек Көшербаев осы жұмыстардың барысымен танысып, бейінді ведомстволардың басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
«Осы уақытқа дейін қаланың игілігі үшін жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлерге және шыдамдылық танытып, жағдайға түсіністікпен қараған риддерліктерге алғыс білдіремін! Жылыту маусымының басына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін бар күшімізді саламыз. Біз қаланы жылумен қамтамасыз етуіміз керек», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.