“Happy cake” 7 жыл ішінде Қазақстан нарығын жаулап алды. Танымал тәтті брендтің біріне айналды. Енді міне отандық кондитерлік шетелде де танылып, өзінің тұрақты тұтынушыларын тапты. Кәсіпкер Олжас Досанбай Happy cake-ті Өзбекстан нарығына шығарғалы 1 жылдан асты. Шет мемлекетте әзірге 3 сауда нүктесі бар. Алдағы уақытта Өзбекстанның барлық аймағынан ашуды жоспарлап отыр. Осы орайда кәсіпкер kazbusiness.kz тілшісіне шетелде бизнес жүргізудің қыр-сырымен бөлісті.
Олжас ДОСАНБАЙ, кәсіпкер:
-
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін математика мамандығы бойынша тәмамадаған.
-
Қазақстанда кәсіпкерлер қауымдастығында 9 жыл қызмет атқарды. Оның 2 жылы Қарағандыда. Біраз жыл Алматыда.
-
Сауда саласында да істеп көрген.
-
Білім беру кешендерін, мектептерді жабдықтаумен айналысқан.
-
Ет сату саласын да көрді. «Асыл ет» дүкендер желісінде директор, менеджер қызметін атқарды.
-
Кәсіппен айланысып жүрген кезінде «Мұғалім» деген жобаға 4 жыл көмек қолын созды.
Happy cake-тің басқа тәтті сататын дүкендерден айырмашылығы қандай?
Басты ерекшелігі – Happy cake-тің ішкі өзегі. Яғни технологиялығы. Бізде барлық қызметкерлерде тұрған жүйенің ерекшелігі. Happy after fashion деген қосымшасы. Курьердің, сатушының, кондитердің, аспаздың, менеджердің барлығында бұл қосымша интеграцияланған. Одан бөлек сайт, телеграм бот барлығы happy cake қосымшасымен байланысқан.
Мысалы, сайт арқылы тапсырыс берсеңіз, оны автоматты түрде барлығы көреді. Сатушы, курьер, кондитер деп кете береді тізім. Кондитер тапсырысты көргеннен кейін тапсырыс берілген тортты дайындауға кірісе бастайды. Тапсырыс дайын болғаннан бөлек, барлық калькуляция, рецептер осы жүйенің ішінде сақталған.
Қағазға жазылмайды немесе мен келіп айтып тұрмаймын. 10 тортқа тапсырыс түсті делік. Жүйеге 10 торт деп жазады. Сосын оның жалпы калькуляциясы шығады. 2 торт болсын, 5 торт болсын тосып отырмайды. Қосымшаны ашты, бірден керек мөлшерді енгізгеннен кейін калькуляция шыға келеді.
Тұтынушы неліктен сіздің өнімді таңдауы қажет? Сатып алушыларды тарту, өнім сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
Біріншіден, біздің өнім Halal. Бұл ҚМДБ сертификатымен дәлелденген. Одан бөлек, өнімнің 100 пайыз halal болуын қатаң қадағалаймыз.
Екіншіден, торттың құрамында тұтынушыға зиянын, кесірін тигізуі мүмкін ингридиенттердің болмауына аса мән береміз.
Үшіншіден, біздің торттар қатырылмайды. Мұздатқышқа салынбаған. Қазақстандағы көп брендтердің торттары тоңазытқышта қатырылады. Бұлай сақтау 100 пайыз сапаны бұзады деп айта алмаймын. Айырмашылығын қарапайым мысалмен түсіндіріп берейін.
Сізге жаңадан сойылған малдың еті жақсы ма? Әлде Беларусь мемлекетінен қатырылып алып келген малдың еті жақсы ма? Мәселе осыда. Ойлап қарасаң, екеуі де ет. Зиянды ма? Жоқ, зиянды емес. Бірақ мәселе сапада. Сапасыз өнімнен гөрі, сапалы өнімді тұтынған жақсы ғой?
Төртіншіден, Happy cake-тің ұстанымы бойынша әрбір аймақтағы нүктелерінде кішігірім цехтары бар. Сол жерден дайындап, бірден сөреге қоямыз. Біз оны басқа жақтан алып келмейміз. Мысалы, Алматыдан, Қарағандыдан, басқа қаладан әкелмейміз. Өздеріңіз білесіздер, кейбір брендтер басқа мемлекеттен импорттайды. Басқа мемлекеттен тортты алып келу үшін оның ішіне консерванттар, стабилизаторлар, қышқылдылықты қадағалайтын заттар қосады. Мұның барлығы адамның ағзасына түскен кезде өзінің әсерін береді.
Бесіншіден, біздің торттардың барлығы дәмді. Өз басым Қазақстанда бірнеше марканың торттарының дәмін көрдім. Happy cake-пен айналыспай тұрғанда, тұтынушы ретінде дәмін таттым. Қазір де басқа марканың дәмін көремін. Сол себепті 100 пайыз сеніммен біздің өнім дәмді деп айта аламын. Әсіресе «Сүтті қыз» торты. Қазақстандағы бірде бір марка әлі біздің осы тортты асып озбады.
Кондитерлік дүкен ассортименті қандай? Ташкентте қай өнімге сұраныс жоғары?
Бізде 22 түрлі торт шығарылады Қазіргі кезде Ташкент тұрғындары тарапынан «Сүтті қыз» тортына сұраныс жоғары. Болашақта басқа да сауда нүктесін ашу жоспарымызда бар. Қазіргі уақытта сатылымға баса назар аударып отырмыз. Әзірге Ташкентте 2 сауда нүктеміз бар. Алдағы уақытта 3-шісін ашу жоспарда. Жергілікті 15 шақты адамды жұмыспен қамтып отырмыз.
Өзбекстанда нарық енді өсіп келе жатыр. Жаңадан ашылған нарықтардың бірі. Содан кейін мемлекеттің ұстанған саясаты – ашық экономикалық капиталистік жүйеге қосылу. Осындай ниетпен жұмыс істеуде. Сондықтан мұндай нарықта әрқашан мүмкіндік көп. Жылдам өсуге мүмкіндік мол. Одан кейін нарықтың ішіндегі ойыншылардың барлығы бәсекеге дайын емес. Кішігірім кондитерліктер бар. Бірақ жүйелендірілмеген.
Шетелден кәсіп ашу: қиыншылығы мен пайдасы. Басқа мемлекеттен бизнес ашу үшін неге дайын болу қажет?
Біздің жағдайымызда, бұл әзірге шағын бизнес. Шағын бизнестің өзінде өте көп тәуекел бар. Біріншіден, ол – саяси тәуекел. Біз бәрібір бұл жерде шетелдікпіз. Салық төлеп отырмыз. Шамамен 50 миллион сом көлемінде салық төлейміз. Бұл тек қана айналымға төлеген салықтар. Оның сыртында әр жұмысшының әлеуметтік төлемдері, зейнетақы қоры, салығы бар.
Кәсібімізді тіркеп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз еткен күннің өзінде шетелдіктерміз. Шетелдік азамат болғаннан кейін барлық құқықтарың қорғалады. Бірақ басқа елдің азаматы болғаннан кейін басқа ережелер.
Екіншіден, бұл жерде бұрынғы әлеуметтік байланыстарыңызды қолдана алмайсыз. Мысалы, мен кондитерлік дүкен аштым. Алматыда қанша досым бар, олар маған келіп көмек қолын соза алмайды. Қолдау көрсете алмайды. Үйіңде болған сияқты жарнама жасай алмайсың.
Үшіншіден, жергілікті адамдармен жұмыс істеу мәдениетінің айырмашылығынан үйрене алмай қалу қаупі. Сіз кейбір нәрселерді қабылдай алмауыңыз мүмкін. Қабылдай алсаңыз ғана сәтті жұмыс істеп кетуіңіз мүмкін.
Төртіншіден, бұл мемлекеттің нақты локальді экономикасы қандай заңдылықтармен жұмыс істейді? Яғни:
- оның заңдылықтарын дұрыс оқи алмасаңыз,
- стратегиялық жоспар жасай алмасаңыз,
- болып жатқан жағдайларды дұрыс түсіне алмасаңыз істей алмайсыз.
Немесе өте көп қаражатыңыз болуы шарт. Өйткені бірнеше жыл тек минусқа жұмыс істейсіз. Өз басым ашылғаннан кейін бір жылдай минусқа кеттік. Жаңа нүктелерді ашып, табысқа көтерілуге енді кірісеміз.
Қазақстанда әкімдік, кәсіпкерлер палатасы және тағы басқа атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл жағы Өзбекстанда қалай ойластырылған?
Әрине, кәсіпкерлерге қолдау Қазақстанда көбірек. Мысалы мемлекеттік субсидиялар бар. Шағын кәсіпкерлердің несиесінің пайыздық үстемесіне субсидиялар бар. Бұл жақта ондай жоқ. Мемлекеттің дұрыс деп санаған туризм, мал өсіру бағытында субсидиялар беріледі. Алайда біз бұл категорияға кірмейміз.
Қысқаша айтқанда, ірі салаларға субсидия береді. Қазақстанмен айырмашылығы осы. Біздің мемлекетте шағын бизнеске де субсидия бөлінеді.
Өз басым кәсіпкерліклер қауымдастығында 9 жыл жұмыс істедім. Осы уақыт аралығында түсінгенім: мемлекет қолдаудан бұрын, кәсіпкерлерге кедергі келтірмесе болды. Ең бастысы – осы.
Негізі субсидияның да минустары бар:
- Субсидия берілген саланың әлжуаздығын тудырады.
- Мемлекеттің көмегіне негізделген бизнеске айналады.
- Субсидия бар жерде коррупция бар. Өйткені субсидияны алу үшін өтірік қағаздар жазылады.
Шетелде бизнес жүргізудің қиыншылықтарын атап өттіңіз. Екі ел айырмашылығын да анықтадық. Осы орайда өзге мемлекетте кәсіп ашып, дөңгелетуге қалай қарайсыз?
Кәсіпті міндетті түрде шетелге шығару керек. Менің жағдайымда Қазақстанда кәсібім болып, соны дамыту үшін шетелге шыққан жоқпын. Менікі ерекше жағдай. Біздің кондитерліктің Қазақстанда да жағдайы жақсы. Соның өзінде де шетелге шықтық. Кейбір кәсіпкерлер негізі мықты болса да, бизнес жасағысы келмейді.
Шетелде бизнес жүргізу ол алдымен адамның жеке тұлға ретінде өсуіне сенім. Артық әңгіме айтып, шәй ішіп, достарыңмен кездесіп, босқа уақыт өткізуге мүмкіндігің болмайды. Тек қана нақты нәрсеге фокуспен жұмыс істейсің. Өзің дамымасаң, өзге елде өмір сүре алмайтыныңа көзің жетеді. Сондықтан сенде мүмкіндік жоқ.
Мысалы Қазақстанда жүріп кәсіп жасайтын болсаң, үйің бар, туған туысың бар, көмек қолын созуы мүмкін. Былайша айтқанда: аштан өлмейсің. Ал шетелге шыққаннан кейін әрдайым үлкен жауапкершілік болады. Үлкен жауапкершілік күш береді.
Happy cake-тің Қазақстанда брендке айналғаны сөзсіз. Өзбекстан жаңа арена екені түсінікті. Осы мемлекетте өнімді таныту, жарнамалау жағы қалай?
Негізгі құралымыз – инстаграм желісі. Ескере кететіні, бұл жерде маркетинг құралы Қазақстандағыдай жұмыс істемейді. Мысалы инстаграм арқылы, электронды маркет плэйстер арқылы сатып алу айналымы әзірге көп емес.
Одан кейін адамдарға инстаграм арқылы бір тауарды көріп, оны бірден сатып алуға шешім қабылдау қиын. Қазақстанда 7 жыл ішінде өнім танылды. Бұл жерде тұтынушылар әзірге «сарафонное радио» арқылы келеді. «Жаңадан бір кондитерлік ашылды, сол жердің торттары дәмді екен. Барсаң болады» деп бір-біріне айтып, жарнамалау арқылы тұтынушы келеді. Инстаграмға көп сене бермейді. Ол заман әлі келмеген бұл жаққа.
Бірақ біз белгілі бір аудитория жинау үшін инстаграм платформасы арқылы жұмыс атқарамыз. Өйткені инстаграм арқылы өзіңнің қаражатыңды нақты есептей алатын конверсия бар. Қанша адам келді, қанша адам көрді деген сияқты нақты бір ақпарат алуға болады.
Билбордтар, көшедегі жарналардан адамға қалай әсер еткенін түсіне алмайсың. Есептей алмайсың. Қолыңда нақты ақпарат болмайды. 10 миллион адам көрді, соның 4-5 мыңы келді деген секілді.
Инстаграмнан басқа да жарнамалау құралдарын қолданамыз. Кейбір жарнамалау құралдары бізге сәйкес келмейді. Мысалы телевидение нарықтағы орнын ұстап тұру үшін керек. Біз болсақ енді-енді танылып келеміз. Телевидение халық сені білген жағдайда әсері болады. Үнемі тұруы керек те, ал біз ондай емеспіз.
Бизнес саласында тәжірибеңіз мол екені белгілі. Бірнеше бағытта өзіңізді сынап көрдіңіз. Осы орайда неліктен «тәтті» кәсіпке бет бұрдыңыз?
Негізі адам бизнесті таңдап келмейді. Кәсіпкер болсын, инвестор болсын сол бизнестің артында тұрған адамды таңдайды. Барлығы сол адамға байланысты. Адамның өмірі адаммен деп бекер айтылмаған. Happy cake-тің негізін қалаушы Асхат Солтанов деген азамат. Happy cake-тің артында сол кісі болғаннан кейін осы бизнеске келдім. Сол кісіге сендім.
Аталған бизнесте өзімнің серігім бар. Асхат мырза сол екеуіміздің ортақ досымыз. Асхат мырзаға Ташкенттен ашайық деп өзіміз ұсынып, келдік.
Неге дейсіз бе? Өйткені ол кісінің бизнестегі адалдығы бізге сенім береді. Табысқа ешкімнің көмегінсіз қол жеткізген. Ешқандай инвестициясыз, өзі көтеріп шыққан бизнесі. Тура осылай біз де табысқа жете аламыз деген сеніммен келдік. Алғашқы көрсеткіштерге қарасақ, сенім ақталды деуге болады.
Ешкім танымайтын Өзбекстан сияқты мемлекетке келдік. Асхат мырзаның үйреткен рецептурасы, технологиясымен, берген бүкіл құралдары бойынша торт өндіре бастадық.
Ескере кететіні, кондитерлікте ешқашан жұмыс істеп көрмегенмін. Десе де, бір жылдың ішінде 5-6 мыңға жуық тұрақты тұтынушымыз бар. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Өйткені бұл нарық кез келген ойыншыны кіргізе бермейді. Одан кейін жаңа бренд. Біз Макдональс, кфс емеспіз. Франшиза болса да, жаңа бренд.