Алматыда қоғамдық көлікте жолақысы қолма-қол ақшасыз төлем үшін 100 теңгеге дейін, қолма-қол ақшамен 200 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Тиісті құжат “Ашық НҚА” порталында жарияланған, деп хабарлайды kazbusiness.kz ақпарат агенттігі.
Алматы қаласы әкімдігінің ұсынысын қоғамдық талқылау 21 шілдеге дейін жалғасады.
Қаулының түсіндірме жазбасында қазіргі уақытта Алматы қаласында қоғамдық көліктегі тарифтің құны қолма-қол ақшасыз төлеу тәсілімен төлеген кезде 80 теңге мөлшерінде екені атап өтілген.
Сонымен қатар тариф құнының мөлшері 2012 жылы белгіленгені және бүгінгі күнге дейін өзгеріссіз қалғаны, тек 2017 жылдан бастап қолма-қол ақшамен төлеген кезде жол жүру құны 150 теңге мөлшерінде белгіленгені атап өтілген. Алайда соңғы 11 жылда тасымалдаушылардың шығындары айтарлықтай өскен.
“Мысалы, дизель отынының құны 90 теңгені құраған, ал бүгінгі күні 295 теңгені (+328 пайыз) құрайды, газдың құны 33 теңгені құраған, ал бүгінгі күні 108 теңге (+327 пайыз) мөлшерінде белгіленген. Автобустардың құнын қоса алғанда, қалған шығындар бойынша да осындай жағдай орын алып тұр. Бұл шығындар тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау көлемінде тікелей көрсетіледі. Мәселен, 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейін субсидиялар көлемі 13,8 есе, 6,9 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін өсті. Биыл субсидиялаудың болжамды көлемі бекітілген тарифке сәйкес шамамен 85,5 млрд теңгені құрады”, – делінген түсіндірме жазбада.
Сондай ақ құжатта қоғамдық көліктегі тарифтің қолданыстағы құны сақталған жағдайда субсидиялау мөлшері жылдан жылға ұлғайып, бұл жергілікті бюджетке үлкен жүктеме түсіретіні атап өтілген.
“Биыл тарифтерді есептеу әдістемесіне сәйкес тарифтің орташа құны 425 теңгені құрайтынын атап өткен жөн”, – делінген құжатта.
Түсіндірмеде осыған байланысты 2023 жылы тарифтің құнын қайта қарау және қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 100 теңге және қолма-қол төлеу кезінде 200 теңге мөлшерінде белгілеу қажеттілігі туындайтыны айтылған.
“Осындай жағдайда субсидиялаудың болжамды көлемі 2023 жылы 10 млрд теңгеге қысқарады”, – деп жазылған түсіндірмеде.
Мәселен, Астанада тарифтің құны 90 теңге және 180 теңге, ШҚО – да – 90 теңге және 130 теңге, Жамбыл облысында – 85 теңге және 130 теңге, Қостанай облысында-100 теңге және 170 теңге мөлшерінде белгіленген.
Порталда жарияланған қаулыда былай делінген: “Автомобиль көлігі туралы” Заңының 19 бабы 4 тармағына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі қаулы етеді: Алматы қаласының жолаушыларын әлеуметтік мәні бар тұрақты тасымалдау тарифтері төлем тәсіліне байланысты келесі мөлшерде белгілесін: жол ақысын ұялы байланыс операторының көрсетілетін қызметтері немесе көлік картасы немесе мобильді қосымша арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде – 100 теңге; жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеу кезінде – 200 теңге.”