Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Астананы сумен қамтамасыз ету мәселесін шешудің басымдылығын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша бүгінде елорда толығымен Астана су қоймасына тәуелді әрі апаттық жағдай орын алса, бүкіл қала тұрғындары үшін үлкен мәселе орын алады, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Президент жаздың басындағы ауыз су тапшылығы үшін елордалықтардың наразылық білдіруі орынды болғанын жеткізді. Бұл кезде адамдар жолдарды жауып, үйлеріне су беруді талап етіп шерулерге шыққан еді.
“Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады. Себебі, су, жылу, жарық – күнделікті тұрмыстағы аса маңызды қажеттіліктер. Бұл салада қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан, кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек”, – деп тапсырды Мемлекет басшысы.
Ол сонымен қатар қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отырғанын баса айтты. Сөзінше елордада су алатын басқа жер жоқ.
“Бұл – өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан, су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық”, – деп қосты президент.
Сондай-ақ ол су қоймасының қатты ластануына байланысты Тоқаев су қоймасының түбін тазарту және тереңдету жұмыстарын жүргізуді және Астана су қоймасының бөгетін мұқият тексеріп, нығайтуды, оның құлыптарын жөндеуді және Сәтбаев каналынан тұрақты түрде толтыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
“Қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіру қажет. Астанада бұдан басқа су көзі жоқ. Ашығын айтсақ, мұндай ахуал көптен бері жалғасып келеді, яғни бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс”, – деп түйіндеді ол.