Семей қаласында коммуналдық инфрақұрылымды жөндеуге ҚР Үкіметінің резервінен 16,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Үкіметтің тиісті қаулысына ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлайды kazbusiness.kz тілшісі ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семейдегі жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 322 км, олардың орташа тозуы – 68%. Жекелеген учаскелерде жылу желілері 100%-ға тозған (1966 жылдан бастап пайдалануға берілген). Өткен жылыту маусымында қала желілерінде 337 апат орын алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға көп.
Төтенше жағдайдың туындау қаупін азайту, жылыту маусымының үздіксіз өтуі, Семей қаласында жылумен жабдықтаудың сапалы қызметтерін ұсыну мақсатында жылыту кезеңінде облыс әкімдігі жылу желілерінің неғұрлым тозған учаскелерін айқындады, жобалау-сметалық құжаттама әзірленді және жөндеу жұмыстарын жүргізуге сараптаманың оң қорытындысын алды.
Үкімет резервінен бөлінген қаражат Семей қаласындағы желілік сорғы тобын ауыстыра отырып, 1-ЖЭО-дан 1,2,3,4 павильондарға дейінгі 5,8 км магистральдық жылу желілерін қайта жаңартуға бағытталатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, 15 желтоқсанда сағат 00:34-те 1-ЖЭО-да 6 сызықтық метр алаңда транспортер лентасы мен электр кабельдері өртенді. Өрт толығымен жойылды. Өрт салдарынан қатты отын-көмір беру жүйесінің жұмысы тоқтатылды. Төтенше жағдайлар және қорғаныс министрліктерінің әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері қол режимінде қазандық агрегаттарына қатты отынды үздіксіз беру жұмыстарын бастады.