Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ХБА колледжі базасында «Startup Day» өтті. Халықаралық бизнес академиясы колледжінің студенттері үздік жобаларды таныстырды.
Шара басында студенттер «Qaynar Bulaq» коворкинг орталығында өз өнімдерінің көрмесін ұйымдастырды. Көрме креативтілік пен түрлі идеяларға толы болды. Ішінде тосынсыйы бар шамдардан бастап, тафтинг технологиясымен тоқылған авторлық кілемдерге дейін бәрін балалар өздері жасаған.
«Біз студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытумен айналысамыз. Кәсіпкерлік дағдыларды дамыту шеңберінде түрлі іс-шаралар өткіземіз. Біз «Мен кәсіпкермін» республикалық байқауының белсенді қатысушыларымыз, онда балаларымыз үнемі жүлделі орындарға ие болады. Биыл байқауға еліміздің 145 колледжінен 250-ден астам жоба қатысты. Осындай ауқымды байқауларға дайындалу үшін біз «Startup Day» күнін өткіземіз. Бұл күні біз тәлімгерлерді, тренерлерді шақырамыз. Олар болашақ кәсіпкерлерге кеңес береді. Мұндай өзара іс-қимыл жобаларды іске асыруда өте тиімді», – деп атап өтті ХБА колледжінің директоры Альфия Хисматуллина.
Айта кетейік, ХБА колледжі 2010 жылы Қазақстандағы ең үздік бизнес жоғары оқу орындарының бірі саналатын Халықаралық бизнес академиясының негізінде құрылған болатын.
Шара барысында студенттер, интернет дүкендерді сату және жүргізу саласында «vnutri svechki», сурет сату бойынша үш бірдей жобаны, plenka_anticvariat «Антиквариат» интернет дүкені, «Almaty Rugs» түрлі дизайнмен тафтингтік кілемдері, «almaty.gift.box», велосипедтерді жалға беру «Favorite». Сондай-ақ, «Paradise» демалыс аймағы», «artemmarketolog» маркетингі және кәсіби роликтер мен клиптер әзірлейтін мобилография саласындағы жобаларды көптің назарына ұсынды.
Әлеуметтік негізі бар жобалар ерекше көзге түскен. Мысалға, Милан Левченконың жануарларға деген сүйіспеншілігі үлкен жобаға айналып, «Котопес» үйсіз жануарлар қоғамдық қоры құрылды. Бүгінгі таңда қорда көшеден табылған жүзден астам мысық пен 30-ға жуық ит бар. Қор жануарларды уақытша ұстауға алады, содан кейін емдеп, олар үшін жаңа иелерді іздейді.
Ал «Prom.Arts» жобасында мүмкіндігі шектеулі балалар салған суреттерді және суретшілердің жұмыстарын насихаттайды. Сонымен қатар көрмелер мен аукциондарды ұйымдастырады.
Жас кәсіпкердің бірі Татарова Севиль экологияға алаңдайды. Колледж студенті эко қарындаштар ойлап тапты. Басты идея – өсімдіктің тұқымы қарындашқа салынады. Эко қарындаш қолдануға жарамсыз болған кезде, оны топыраққа қадап қойса, бір аптадан кейін капсуладан өсімдік өсіп шығады.
Жас дарындар жобаларын таныстырғаннан кейін,кәсіпкерлер балаларға арналған семинарлар, шеберлік сабақтарын өткізді. Суретшілер одағының мүшесі Гауһар Қасенбай қыш өнері бойынша шеберлік сабағын өткізіп, кәдесый бұйымдарын қалай безендіруге болатынын көрсетті. Кәсіпкер, «Оранж» гүл дүкендер желісінің директоры Абай Аймухамбетов тауарларды ілгерілету туралы айтса, ресейлік жазушы, блогер Екатерина Андрусевич «Тартылыс нүктесі» шеберлік сабағында бизнесте өз блогын жүргізудің маңыздылығытуралы айтты.
Іс-шара соңында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ақеркін Ералиева студенттік жобалардың маңызын атап өтті.
«Кәсіпкерлікте өзіңді сынап көру – кез келген жағдайда жақсы тәжірибе. Ең бастысы, сіз өзіңізге жаңа нәрсе ашасыз, жаңа қабілеттерді дамытасыз, мүмкін сізге жаңа идеялар келеді. Кәсіп жолында ең табысты немесе ең бай болу міндетті емес. Ең бастысы – осы жолмен жүру. Бүгін сіздердің бастамаларыңыз бен жобаларыңыз бізді таң қалдырды. Өзіңе сенсең өмірде бәрі де мүмкін. Сіздердің әрқайсыңызға табыс тілеймін»,– деді Ақеркін Ералиева.
Стартапшыларға Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының атынан алғыс хаттар табыс етілді.