Жетісудың кіндік қаласынан 39 шақырым жерде өндірістік шаһар орналасқан. Әуелдегі шағын қала өркендеп, өндірісі дамып, өрлеудің жаңа жолына да түсті, тұрғын үйлер, ғимараттар бой көтерді, әлеуметтік нысандар ашылды, күрделі кезеңдердің қыспағынан да өтті, уақыттың жалына жабысып, жетпісінші баспалдағына көтерілген – Текелі қаласы.
Бүгінде бәсекеге қабілетті өнім шығару үдесімен жұмыс істейтін 1455 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Солардың бірі- «Текелі Гранит» ЖШС.
Аталмыш өнеркәсіпте 35 түрлі өнім шығады. Тарқатар болсақ, модульді және жылтыратылған плиткалар, брусчатканың бірнеше түрі, жол бордюрлері, баспалдақтар, түрлі сәулеттік фигуралар, соның ішінде субұрқақтар және басқа да көптеген бұйымдар бар.
Зауыт 24 мың м2 гранит бұйымдарын, 20 мың қ.м жол бордюрлерін, 40 мың қ.м. жиектас өндіруге қауқарлы. «Текелі-Гранит» өндіретін өнімдер елімізде үлкен сұранысқа ие.
Кәсіпорында айына 2500 шаршы модульдік плита шығарылады. Түрлі түстегі және түрлі көлемдегі өнімдерді өндіруге қажетті шикізатты Қапал-Арасан, Күрті, Қордай, Желтау аймақтарынан жеткізіледі.
«Біз үшін ең маңыздысы – өнімдеріміздің сапасы. Сондықтан бастапқы материалға ерекше мән береміз. Біздің грантттік жылтыратылған бұйымдарымыз облыс орталығындағы орталық алаңды абаттандыру кезінде, Алматы қаласының 2 жол айырығының құрылысында, астанадағы Сулы-Жасыл бульварды абаттандыру барысында қолданылды. Өндіріс процесінде бірінші кезекте тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырамыз, дайындалатын өнімнің түсі мен формасы соған байланысты. Заманауи және экологиялық талаптарға сәйкес болуы біздің өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, одан әрі дамуымызға мүмкіндік береді, – дейді Владимир Стрельцов.
Зауыт басшылығы бұл межемен тоқтылып қалмақ емес, алдағы таңда жаңа технологияларды пайдалана отырып, нарықтағы орнын нықтай түспек. Тіпті қаланың өндірістік секторын дамыту үшін жас мамандарды да еңбекке тартуды көздеп отыр.
Айта кетейік, зауыт 40 адамды жұмыспен қамтып отыр. Орташа айлық жалақы 150 мың теңгені құрайды.