Мемлекет басшысы Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды kazbusiness.kz порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ФАТФ (ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу топтары) стандарттарына сәйкестігіне өзара бағалау сәтті өткендігі туралы хабарланды. Қазақстан қылмыстық кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың жеткілікті тиімді жүйесін көрсетті. Бұл отандық бизнеске трансшекаралық қаржы операцияларын оңайлатылған бақылаудан өтуге мүмкіндік береді.
Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмыстар жалғастырылды. Қазақстан ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі Азия-Тынық мұхиты тобында байқаушы мәртебесіне ие болды, бұл осы өңірдің елдерімен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырады.
Жақында Үкімет көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Ол сауда, өңдеу өнеркәсібі, Ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік және көлік салаларындағы көлеңкелі операциялардың деңгейін төмендету жөніндегі шараларды қамтиды.
Жанат Элиманов хабарлағандай, агенттік жыл басынан бері 94 млрд теңгеге залалды өтеп, активтерді қайтарып берді, 5 қылмыстық топ жойылды (тағы 3 іс жүргізілуде). Бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша отын-энергетика кешенінде, коммуналдық және газ саласында бірқатар резонанстық істер тергелуде.
Азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында суррогат алкоголь өндіретін 12 цехтың қызметі тоқтатылды, 5,3 млрд теңгеге электронды темекі әкелуге тосқауыл қойылды.
Заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс шеңберінде 11 жасырын казино және 2 букмекерлік кеңсе таратылды. Азаматтарды алаяқтық схемаларға тартуға жол бермеу үшін 22 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, салымшыларға 1,9 млрд теңгеге залал өтелді, 5,3 мыңнан астам сайттар мен аккаунттар бұғатталды. Агенттіктің қатысуымен 14 облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 14 түріне баға төмендетілді.
Соңында Мемлекет басшысы бизнесті қорғауға, сондай-ақ капиталды шетелге заңсыз шығарудың және ұлттық жобаларға бөлінетін бюджет қаражатын ұрлаудың жолын кесуге бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.