Алаяқ телефон сататын дүкен ашып, қаржы еселейміз деген ұсыныспен астаналықтарды миллиондаған теңгеге алдады, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Полицияға алданған 13 адам шағым түсірген. Алайда ведомство мәліметінше, алаяқтың құрбаны болғандар саны одан көп болуы мүмкін.
Кәсіпкер астаналық өз таныстарының сенімін пайдалана отырып, оларға БАӘ-да дүкен ашуға және ұялы телефондар сатып алуға ақша салуды ұсынғаны анықталды. 1 млн теңгеден және одан да көп “инвестицияланды”.
Мәселен, Сарыарқа ауданының полиция басқармасына қала тұрғыны хабарласып, танысы оған жоғары пайда алып, ақшалай қаражатты “инвестициялауды” ұсынғанын хабарлады. Осылайша ол 6 млн 400 мың теңге сомасынан айырылды.
Факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қаскүнем алынған ақшаны ысырап етті.
Қылмыстық істің 22 жастағы фигуранты қылмыс жасағанын мойындады, оның елорда аумағында бұрын жасалған осындай фактілерге қатысы бар екені анықталды.
Астана қаласының полиция департаменті қала тұрғындарын бөгде адамдарға сенбеуді және қырағы болуды ескертеді.